Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлық мереке

Ұлық мереке




Мұсылман қауым құрбан айт мерекесіне ерте бастан арнайы дайындалып, ерекше ықыласпен қарсы алады. Үйі мен қора-қопсысының тазалығынан бастап, арапада таратылатын жеті нанын, құрбандыққа сойылатын малы мен қонаққа шақыратын туыстарының тізіміне дейін ертерек ойластырып, қамданады.

Адамның Аллаға шүкірлігін арттыратын осы бір ерекше мейрамды биыл ақмаялықтар да жылдағыдан өзгеше атап өтті. Ауыл халқы шама-шарқынша азық-түлік пен ақша жинап, мешіт жанында құрбан шалды. Ең бастысы Құрбан айт қарсаңында ауыл тұрғындарының бастамасымен 150 орындық ас беретін орын пайдалануға берілді.
– Шамамен осыдан бір ай бұрын мешіт жанынан құдайы ас беруге арналған шатыр соғу туралы бастама көтерілген болатын. Оны ауыл әкімі, шаруашылық төрағасы мен ақсақалдар бірден қолдай кетті. Көп кешіктірмей әкімдік жер учаскесінің құжаттарын дайындап қойды. Ауылдың кәсіпкерлерінен бастап 40-тан аса азамат шын ниеттерімен ақша жинады. Одан бөлек 14 тұрғын заттай құрылыс материалдарын жеткізіп берді. Отызға жуық азамат ас беретін алаңның құрылысын басынан бастап соңына дейін өздері жасап шықты. Бірлігі мен берекесі жарасып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған жамағатқа алғысым шексіз, – дейді ауыл мешітінің имамы Ғани Мақұлбеков.
Елді мекен тұрғындары құдайы тамақ беретін алаң соғамыз дегеннен бастап бірнеше күннің ішінде 2 млн-ға жуық ақшаны жинап қойған. Ауыл имамы бірі қолында бар 5-10 мың теңгесін әкеп берсе, енді бірі мол сауаптан кенде қалмайық деп, 300-400 мың теңгеге дейін ақшасын табыстағанын айтады. Қысқасы, ауылдағы ешбір тұрғын аянып қалмаған. Ал ас беретін алаңның жобасын жасаудан бастап, әрбір ұсақ-түйегіне дейін жанашырлық танытып, басы-қасында жүрген ауыл азаматы – Жакен Жұмабековтың еңбегі зор.
Қасиетті Құрбан айт мерекесінің алғашқы күнінде ауыл тұрғындары түгелдей дерлік мешітке қарай бет алды. Айт намазы оқылып болған соң ас беретін алаңға жиылды. Бұл кезде ауыл әйелдері дастарқан жайып, қазан қайнатып қойған еді. Өз қолдарымен соққан шатырда алғашқы құдайы астан дәм татқан жамағат бір-біріне жақсы тілектер білдіріп, өнегелі әңгіме айтылды. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжетай Палмағанбетов игілікті іске біркісідей атсалысқан ауыл азаматтарын жеке-жеке атап, рақметін айтты. Бір ірі қара мен алты қой құрбандыққа шалынып, тұрмысы төмен отбасыларға таратылды.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ

13 тамыз 2019 ж. 709 0