Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бас мүфти Қазақстан халқын Құрбан айт мерекесімен құттықтады

Бас мүфти Қазақстан халқын Құрбан айт мерекесімен құттықтады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз қазақстандықтарды ислам дінін ұстанушылар үшін ең маңызды діни мерекелердің бірі болып саналатын Құрбан айт мейрамымен құттықтады. Бас мүфтидің құттықтауы «Әзірет Сұлтан Мешітінің» ресми парақшасында жарияланды, деп жазады Stan.kz.

«Құрметті бауырлар сіздің отбасыларыңызға амандық, саулық, мол ырыс пен бақ-береке тілеймін! Құрбан айт – иісі мұсылмандар үшін екі маңызды мерекенің бірі. Біздің халқымыз осы мерекені көптеген ғасырлар бойы атап өтуде, сондықтан оған ерекше қуанышпен дайындалады. Бұл күні ағайын-туыс, дос-жоранның бәрі бір-бірінің үйін аралап, өздерінің ыстық тілектерін білдіріп, бата береді. Туыстары мен достарының, көршілерінің үйіне барып айттау, қонақтарды жылы қарсы алу, ақсақалдардың батасын алу ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан мұсылмадық дәстүріміз», – дейді Бас мүфти.
Бас мүфти сондай-ақ, Қазақстан халқының осы күнге дейін өздерінің дәстүрлерін ұстанып, дәріптеп жүргенін баса айтып Аллаға шүкіршілік етті. Ол Тәуелсіздік жылдарынан бастап Құрбан айт мерекесі ұлттық деңгейде аталып жүргенін де атап өтті.
«Тәуелсіздік жылдарында Құрбан айт мерекесін ұлттық деңгейде дәріптеді. Біздің Елбасының бастамасы бойынша бірлік пен келісімге шақыратын, бүгінгі күні ұлттық мерекеге айналған Құрбан айттың құрметіне бұл күн ресми мереке ретінде жарияланды»,-деді Бас мүфти.
Ертең мұсылман қауымы үшін ұлық мерекелердің бірі – Құрбан айт мейрамы басталады. Барша мұсылман атап өтетін мейрам үш күнге созылады. Құрбан айт мейрам жыл сайын хижра – мұсылман күнтізбесі бойынша Зүлхижа айының оныншы жұлдызында (Арафа күнінен кейін) және Ораза айт мейрамынан 70 күн өткеннен кейін басталады.
«Құрбан» сөзі «жақындау» деген мағына білдіреді. Осы күні мұсылмандар өздерінің жақсы ниеті мен ғибадаттарын білдіру үшін Жаратқанға құрбандық шалады. Құрбандықты – материалдық жағдайы жеткілікті және жолаушыламаған әрбір әрбір мұсылман шалуға міндетті. Бұл қасиетті күні мұқтаждарға және жағдайы нашар отбасыларына көмек көрсеткен жөн.
Stan.kz
20 тамыз 2018 ж. 2 353 0