БАС МҮФТИ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАҢА ӨКІЛ ИМАМЫН ТАНЫСТЫРДЫ
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бұйрығымен Болатбек Ұласқанұлы Əбуов ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі және «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы қызметіне тағайындалды.
ҚМДБ төрағасы Серікбай қажы Ораз жұма намазында мешіт ұжымы мен жамағатқа жаңа өкіл имамды таныстырып, жаңа қызметте табыс тіледі.
«Болатбек Ұласқанұлы – білімді һәм білікті азамат. Қызмет жолын өзінің туған топырағында азаншы, ұстаз болып бастады. Кейіннен ұстаздық жолда талай діни қызметкерлерді дайындауға атсалысты. Көптеген жауапты қызметтерде болды. Ғылым жолындағы, діни қызмет саласындағы мол тәжірибесі мен іскерлігін көненің көзі болған осы бір қасиетті Қызылорда елінің руханиятын әрі қарай жетілдіруге жұмсайды деп сенемін. Еліміздің бірлігі мен ынтымағы, діни тұрақтылығы мен рухани жаңғыруы жолында атқарар қызметіне сәттілік тілеймін», - деді Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазірет.
Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы осы уақытқа дейін өкіл имам қызметін атқарған Талғат Омаровты арнайы алғыс хатпен марапаттап, қазақы салтпен иығына шапан жапты.
«Сіз тәуелсіз еліміздің рухани өркендеу жолында елеулі еңбек етіп келе жатқан жанашыр діни тұлғалардың бірісіз. Имамдық қызметтің жауапкершілігін терең сезініп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының игі бастамаларына сүбелі үлес қостыңыз. Діни саладағы қажырлы еңбегіңіз бен ізгі істеріңіз үшін өзімнің және Діни басқарма ұжымы атынан Сізге айрықша алғысымды білдіремін! Ізгілік жолындағы жұмыстарыңыз алдағы уақытта да жалғаса беретініне сенімдімін. Алла Тағаладан деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, өміріңізге береке тілеймін! Жаратушы Иеміз мерейіңізді әрқашан үстем етсін!», – деп атап өтті.
Болатбек Ұласқанұлы Абуов – 1982 жылы дүниеге келген.
2003-2008 жылдары Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетін аударма ісі мамандығы бойынша үздік бітірген;
2008-2010 жылдары Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетін Араб филологиясы мамандығы бойынша Магистратурасын бітірген;
2011-2013 жылдары Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетін Мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша екінші жоғары білім алған;
2013ж. Республикалық имамдар білімін жетілдіру институтында білім алған;
2012-2015 жылдары Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті Шетел филологиясы мамандығы бойынша Докторантурасын тәмамдаған;
Қызмет жолын 1999-2002 жылдары Қызылорда обл., Байқоңыр қаласы «Жәрімбет ишан» мешітінде азаншы, ұстаз, наиб имам болып бастады. 2005 - 2008 жылдары Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті Студенттер кеңесінің мүшесі, төрағасы орынбасары; 2008 - 2010 жылдары Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті ректорының референт-аудармашысы; 2009 - 2012 жылдары Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде оқытушы; 2010 - 2014жылдары Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті ректорының әкімшілік және халықаралық істері жөніндегі көмекшісі; 2014 жылдан бері Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің Аппарат жетекшісі, Бас хатшы қызметтерін атқарды.
2018 жылдың 23 ақпанынан бастап ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы қызметіне тағайындалды.
Үйленген, екі баласы бар.