БІРЛЕСТІКТІҢ берекелі ІСТЕРІ
Ауданның өсіп өркендеуіне, тұрғындардың рухани азық алып, әлеуметтік қолдауға ие болуына «Шиелі-Самғау» жастар қоғамдық бірлестігінің жасап жатқан жарқын істерін атап өтпеу мүмкін емес.Аталған бірлестік жыл басынан бері жергілікті ардагерлер кеңесін дамыту және қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ету, терроризм мен діни экстремизмнің алдын алу, жұмыссыз жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, жұмыспен қамтылуына ықпал жасау мақсатында ауқымды шаралар ұйымдастырып келеді.
Жуырда ғана белгілі исламтанушы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ғұламалар кеңесінің және республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Сансызбай Шоқановпен және «Нұр» мешітінің ұстазы, теолог Батырбек Убаевпен аудан тұрғындары арасында кездесу-семинарлары ұйымдастырылды. Шара барысында мамандар қоғамдағы көптеген діни мәселелер жайлы әңгімелеп, қатысушылардың сұрақтарына тұщымды жауаптарын берді.
Сонымен қатар, аудандағы жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар арасында да түрлі кездесулер мен спорттық сайыстар дәстүрлі түрде ұйымдастырылып отырады. Бірлестіктің ардагерлерді тарихи орындарға саяхат жасауға, басын қосып емен-жарқын әңгімелесулеріне жағдай жасау барысында да жасаған жұмыстары аз емес.
Одан бөлек «Тазалық – ауыл көркі» тақырыбында 2 рет акция ұйымдастырылып, оған 250-ге жуық жас қатысты. Сондай-ақ, жасөспірімдер мен жастар арасында құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру бағытында аптасына 2 мәрте қоғамдық орындарда рейд ұйымдастырылып тұрады. Кенттегі халық көп шоғырланатын орындарда аудандық жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, жастар ресурстық орталығы мамандарының қатысуымен көшпелі кеңес жұма сайын өткізіледі. Ерікті жастардың бірлесуімен Ұлы Отан соғысына қатысушы және оларға теңестірілген ардагерлерге үй шаруасына көмек беру де назардан тыс қалмаған.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ.