сала мамандары жастармен бiрге
Апта басында аудандық жастар ресурстық орталығы мен «Шиелі-Самғау» жастар қоғамдық бірлестігінің бірлесе ұйымдастыруымен аудандағы жұмыссыз жастар арасында үстел теннисінен турнир өтті. «Салауатты өмір – көтеріңкі көңіл» атты жарысқа кент пен елді мекендерден бірнеше жас қатысып, тартысты ойын көрсетті. Нәтижесінде, «Ең үздік жұп» номинациясымен Әзімхан мен Таир марапатталса, Алмас Ақпейілов «Ең жылдам ойыншы» атанды. Ал, жүлделі ІІІ орын Бестам ауылының тұрғыны Ақниет Ибраевқа, ІІ орын жиделілік Думан Отарбайға бұйырды. Қарсыластарына дес бермей, топжарған Бестам ауылының азаматы Аманжол Сәрсен І орынды иеленді.
Одан бөлек аталмыш қоғамдық бірлестік «Арман» мәдениет үйінде жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар арасында «Ел ертеңі бүгінгі жастар» атты бөлім басшыларымен кездесу ұйымдастырды. Онда аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жібек Баймұратова, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрболат Абусадиров өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, жастардың қоғамдағы рөлі жайлы әңгіме өрбіді.
«Өскен өңір» ақпарат.