Қазақстан мен Өзбекстан діни мерекелерді бір уақытта өткізуге міндеттелді
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораздың Өзбекстанға жасаған ресми сапары барысында екі елдің діни мерекелеріне қатысты ортақ пәтуа шығару туралы келісім жасалды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы мен Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Османхан қажы Алимовтың қатысуымен өткен екі жақты кездесуде діни мерекелерді бірізге түсіру мәселесі талқыланды.
Ресми басқосуда Серікбай қажы Ораз қазақ-өзбек ұлтының ұстанатын мәзһабы мен діни сенімі бір екенін атап өтіп, діни мерекелерді бірізге түсіру қажеттігін сөз етті. Өз кезегінде Өзбекстан мүфтиі Османхан Алимов бұл ұсынысты қолдайтынын мәлімдеп, бауырлас елдердің діни саладағы байланысын одан ары нығайта түсу керек екенін тілге тиек етті. Екі жақты кездесу нәтижесінде ортақ меморандум қабылданды.
«Тараптар діни мерекелерді (ораза, құрбан айт, т.б.) Һижри жыл санауы бойынша бірізді өткізуге, заманауи өзекті мәселелерде ортақ пәтуа, шешім шығаруға міндеттеледі», – делінген өзара ынтымақтастық туралы меморандум мәтінінде.
«Өздеріңізге белгілі, осыған дейін біздің арамызда діни мерекелердің күніне қатысты айырмашылықтар болды. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында өзбекстандық әріптестерімізбен келісім негізінде өзара ынтымақтастық туралы меморандум қабылдадық. Меморандумда көрсетілген мәселелер бойынша өзекті тақырыптар аясында ортақ пәтуалар мен шешімдер қабылдайтын боламыз», – деді Бас мүфти Серікбай қажы Ораз өзбекстандық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.