Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мереке алдындағы мәслихат

Мереке алдындағы мәслихат




Мұсылман халқының ұлық мейрамдарының бірі – Құрбан айт. Бұл мейрам мұсылман күнтізбесі бойынша Зүлхижа айының оныншы жұлдызында, яғни Ораза айт мейрамынан 70 күн өткеннен соң басталады. Үш күнге созылатын мереке биыл тамыз айының 11-13 жұлдызына сәйкес келеді. Осы орайда ауданның бас имамы Бақыт Улжаев аудан әкімдігінің баспасөз орталығында брифинг өткізді.

Сөзін Алланың атымен бастаған ауданның бас имамы журналистерді мерекемен құттықтап, елдің тыныштығы үшін дұға етті. Әңгімесінің әлқиссасында құрбандық шалу, оның мағынасы, тарихының түп-тамыры туралы сөз өрбітті. Сонымен қатар құрбандыққа қандай мал шалынатындығы мен тұрғындар арасында көп туындайтын сұрақтарға тоқталды. Құрбандық тек шамасы келетіндерге ғана уәжіп екенін айтып, шамасы келе тұра құрбандық шалмаудың ауыртпашылығы туралы ардақты Пайғамбарымыздың хадистерін тілге тиек етті.
Ауданда құрбан айт намазы 11 тамыз күні таңғы сағат 7:00-де өтеледі. Мұнан соң кәсіпкерлер мен демеушілердің дайындаған бес ірі қара малы құрбандыққа шалынбақ. Олардың етін тұрмысы төмен отбасыларына тарату үшін бес автокөлік әзірленген. Етпен қоса азық-түлік тарату жоспарларында бар. Азық-түлік берген үйлердің бүлдіршіндеріне тәттілер мен сусындар беруді де ойластырған. Сонымен қатар аудандық ішкі саясат, спорт және денешынықтыру бөлімдерімен бірлесіп ұйымдастыратын спорттық ойындар өтетін болады. Мұнда мешітке келгендер гір тасын көтеру, турникке тартылу, қол күрес пен арқан тартудан күштерін сынайды. Мешіт алдында балаларға арнап балмұздақ таратылып, бауырсақ қойылған дастарқан жайылмақ. Себебі, балалар да мереке екенін сезінуі керек. Тұрмысы төмен отбасыларды қуанту, көңілді күй сыйлау, мереке екенін сезіндіру негізгі мақсаты екенін жеткізді Бақыт Улжаев.
10 тамыз 2019 ж. 719 0