Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кент көркейіп келеді

Кент көркейіп келеді


Халқымызда «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» деген қанатты сөз бар. Еңбегі мен еңсесін тіктеп келе жатқан еліміз жылдан-жылға дамып, көркейіп келеді. Сондай сергек серпінмен Сыр елі оның ішінде киелі Шиелі ауданының экономикасы шапшаң дамуда. Елбасы «Барлық бағдарламалардың нәтижесі айналып келгенде қарапайым адамдардың ертеңгі күнге деген сенімін оятып, әр отбасының ауқатты тұруын қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс», деген болатын. Міне, осы тұрғыда Шиелі кентінде атқарылып жатқан жұмыстар легіне тоқталып өтсек.
Ауданның дамып, өркендеуіне Шиелі кентінің қосқан үлес салмағы орасан зор. Кенттегі халық саны бүгінгі күнде – 33114 адамды құрап отыр. Бұл дегеніміз аудан халқының 40 пайызын кент тұрғындары құрап отыр деген сөз. Солайша, елдегі демографиялық өсімді де көрсетіп отыр.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының 2-ші бағытына кент бойын­ша жалпы 133 азамат қатысуға ниет білдірген. Шағын несие алуға 55 азамат құжат тапсырып, қазіргі таңда, кент бойынша ''Бизнес-Бастау'' жобасымен кәсіпкерлік негіздері оқу курсына 32 азамат қатысып, сертификаттарын алды. ''Бизнес кеңесші'' жобасы негізінде 73 азамат оқып, бүгінде кент бойынша 35 азамат 122,8 млн. теңге несие алып кәсіптерімен айналысуда. Қайткен күнде де кенттің еңсесін көтеріп, еңбек және тұрмыс жағдайын жақсартып, дамыту бағытында игі шаралар атқарлып келеді. Сонымен қатар, осы бағдарлама аясында, мемлекеттік грант алуға қыркүйек айында 6 азамат құжаттарын тапсырған.
2018 жылға барлығы 131 млн. 404 мың теңге салықтық түсім түсу жоспарланған болатын. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша, қыркүйек айында 78 млн. 558 мың межеленген болса, ол 99 млн. 480 мың теңгені құрап, 126,6 пайызға артық орындалды. Билік пен бұқараның берекелі бірлігінің, ел мүддесі үшін қызмет етіп отырған әрбір саланың тындырымды тірлігінің арқасында кент қазынасы молайып, толыға түсуде.
Шиелі кентінде ГРП-23, Мәмбеев, Ы.Нәлібаев т.б 13-көшеге асфальт төселді. Жобадағы 12-көшеге 1100 метр орташа жөндеу жасалып, қиыршық тас төселді. Қазіргі таңда аудан көлемінде кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға тұрақты негізде жұмыстар жүргізіліп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыс істеуіне жағдай жасалуда. Жыл басынан бері, халық көп шоғырланатын орындарға 4 демалыс саябағы демеушілер есебінен салынып, жергілікті билік осылайша қоқыс алаңына айналған немесе қараусыз жатқан жерлерді көпшіліктің кәдесіне жаратты.
Шағын және орта бизнесті дамытуда әлеуетті тиімді пайдалану қажет-ақ. Елбасы бір сөзінде «...Еңбек етуші халықтың 60%-ы шағын және орта бизнесте жұмыс істеген кезде Қазақстан тұрақтылыққа қол жеткізеді...» деген еді. Шиелі кенті бойынша бүгінгі күнге дейін барлығы 3026 шағын және орта бизнестер тіркелген. Оның ішінде тоғыз айдан бері тіркелгені жеке кәсіпкерлер – 346, шаруа қожалықтар – 1, жауапкершілігі шектеулі серіктестер – 28 болып отыр.

Жұлдызай Ноғайбайқызы.
13 қазан 2018 ж. 1 572 0