Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Күрішке орақ түсті

Күрішке орақ түсті

Өткен жексенбі күні аудандағы іргелі шаруашылықтың бірі «Халық» шаруа қожалығы егінге орақты бастап кетті. Шежірелі Шәулімшенің етегіндегі күріштік басында ұйымдастырылған «Алтын ораққа» жиналғандардың қарасы көп болды. Бас­тары сарғайып, диқан қауымына ілтипат білдіріп, иіліп тұрған сыр маржанын көргенде әрқайсысын қолмен отырғызған ба дерсің. Себебі, атызда артық арам шөп жоқ, көзімізге қауызы қампиған, сары алтындай сыңсыған қалың күріш көрінді. Жайқалған егін даласы – ерте көктемнен бас­тап атқарған тынымсыз әрі адал еңбектің, татқан бейнет пен теккен төрдің нәтижесін айқындап тұр.

Ақ күріштің атасы, дала академигі атанған, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың елінде Сырдың бас­ты дақылы, ел ырысы , ақ маржанымыз – күрішті ору науқанына арналған шараға аудан әкімі Ә.Оразбекұлы қатысып, диқандардың дорбасы толып, кешегі аптап ыстықтағы еткен еңбектерінің жемісін жейтін күннің жақындағанымен құттықтады. Сонымен қатар, аграрлық ауданымыздағы атқарылған бірнеше істің басын шалып өтті.
– Біздің алдағы басты міндет – жерге егілген өнімді дер кезінде төкпей-шашпай, жауын-шашынға қалдырмай жинап алу. «Егінші – мәрт, жер – жомарт» демекші, өз нәсібін жерден алған диқан қауымы бұл жылдың айтарлықтай табыс­ты болатынына сенімді. Биылғы жылы диқандардың тынымсыз еңбектерінің арқасында күріштің әр гектарынан 40-45 центнерден өнім алынады деп күтілуде деді, – аудан әкімі.
Жалпы, үстіміздегі жылы аудан бойынша 29062 гектар жерге егін егілген. Атап айтсақ, негізгі дақыл күріш – 12500 га, күздік бидай – 936 га, жаздық бидай – 257 га, жүгері – 250 га, тары – 65 га, мақсары – 1084 га, жаңа жоңышқа – 3035, ескі жоңышқа – 6588 га, мал жемдік асқабақ – 89 га, картоп – 1050, көкөніс – 1285, бақша – 1993 гектарды құрайды. Бүгінгі таңда бидай дақылдары толық орылып, күздік бидайдан 1609 тонна (орта өнім 17,2 центнерден гектарына), жаздық бидайдан 360 тонна (орта өнім 14 центнерден гектарына) өнім жиналған. 1084 гектар мақсары дақылының бүгінде 650 гектары жиналып, орта өнім 8 центнерді құрап отыр. Елбасының тапсырмасына сәйкес егіс құрылымдарын әртараптандыру бағытында бірқатар жұмыстар жолға қойылған. Биыл ауыл шаруашылығы саласында өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда егін көлемі де, өндірілген өнім көлемі де артып отыр.
Елбасы Жолдауында: «5 жыл ішін­де агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырамын» – деген болатын. Тапсырмаға сәйкес бірінші кезекте агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін майда шаруашылықтармен жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалана отырып, біріншіден өндіріс көлемі мен экспортты арттыру, екіншіден жаппай нәтижелі жұмыспен қамтуды ұйымдастыру болып табылады.
Осы орайда, аудан көлемінде
201 майда қожалықтар мен 311 дара кәсіпкерлердің бірігуімен 37 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды, оның ішінде 2018 жылы 6 коо­­ператив құрылған. Тәуелсіздік жылдары әрбір аймақ, әрбір аудан әлеуметтік-экономикалық дамудың даңғыл жолына түсті. Мемлекеттік бағдарламалар аясында тірек елді мекендері белгіленіп, әлеуметтік, экономикалық дамудың сапалық көрсеткішіне қол жеткізілді. Сұлу Сырдың бойына орналасқан Шиелі ауданы бүгінгі таңда өсу мен өрістеудің биік белестерін бағындырып, халқымыз бірлікпен, еңбекпен жеткен жетістіктердің тәтті жемісін татуда.
Шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Оразымбетов пен «Халық» шаруа қожалығының төрағасы Х.Мықанов ақжарма тілектерін айтып, республикалық ақындар айтысының жүлдегері Е.Әміров жырмен шашу шашты. Ал, аудандық мәдениет үйінің майталман өнерпаздары күріш алқабын әнмен тербеп, күмбірлеген күйге бөледі.

Е.Айтөреұлы.
30 тамыз 2018 ж. 1 357 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031