Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АСТЫҚТЫ АУДАНДА ЖҰМЫС ҚАРҚЫНДЫ

АСТЫҚТЫ АУДАНДА ЖҰМЫС ҚАРҚЫНДЫ

Жаз бойы тер төгіп, еңбектенген шаруалардың жұмысынан нәтиже күтетін шақ туды. Дәл қазір егістік алқаптарындағы жұмысты аяқтауға асыққан диқандар тынымсыз еңбек етіп жатыр. Шиелілік шаруалар биыл 29 461 гектар алқапқа егін еккен. Олар карантиннің қыспағына қарамастан жыл ырысты, еңбек жемісті болғанын айтады.
Егістік даласында қым-қуыт тіршілік. Бірі астық орумен айналысып жүрсе, келесі алқапта көкөніс пен шөп жиналуда. Дана халқымыз «Жер – ырыстың кіндігі» деп тегін айтпаған. Еңбектенген жанды жер де құр алақан қалдырмайды. Бір дән ексең жемісі еселеніп қайтары анық. Әрине, күн-түн демей тынымсыз еңбек еткен шаруалардың өсірген өнімін шашауын шығармай жинап алу, арнайы қоймаларға жеткізу кезек күттірмейтін маңызды мәселе. Биыл табиғат та оң қабақ танытып, қыркүйек, қазан айлары жайлы болды. Соның арқасында дала жұмыстары ұйымшылдықпен жүргізілді деуге негіз бар.
Дәл қазір ерте көктемде еккен 14353 гектар күріштің 13307 гектары орылып, 12311 гектары бастырылды. Ал бидай мен мақсары түгелдей жиналып, қамбаға құйылды. Егінге орақ түскелі бері диқандар күріштің гектарынан 58 центнерден, ал күздік бидайды 17,5, жаздық бидайдың әр гектарынан 14,2 центнерден алып жатыр.
Ауданда бау-бақша өнімдерін жинау жұмысы да қызу. Осы уақытқа дейін алқаптардан картоптың 85 проценті жиналса, өзге көкөністер мен бақша өнімдері толықтай қоймаларға жеткізілген.Одан бөлек тары мен жүгері дақылдарын жинау жұмыстары да өз мәресіне жетті. 85 гектар тарыдан 213 тонна өнім, 30 гектар дән жүгеріден 90 тонна, сүрлемдік жүгеріден 225 тонна өнім жиналған.
Сонымен қатар диқандар қазіргі таңда жоңышқа шөбінің үшінші орымын ору жұмыстарын аяқтады. Орта өнім гектарына 55-60 центнерден келген. Жалпы аудан бойынша барлығы 120,3 мың тонна шөп дайын. Оның ішінде жоңышқа 41 мың тонна, табиғи шөп 79,3 мың тонна болды.
Науқанның сәтті аяқталуы үшін техниканың сақадай сай болуы маңызды. Бұл тұрғыда аудан шаруалары үшін еш мәселе жоқ деп айтуға болады. Жыл сайын шаруа қожалықтар мемлекеттің қолдауымен сапалы, соңғы үлгідегі техника сатып алуды дәстүрге айналдырған. Науқан бойы жанармай тапшылығы да еш байқалмады. Мемлекеттен күзгі егін жинау кезеңіне 1870 тонна дизель отыны бөлінсе, бүгінге дейін қажетіне қарай 800 тоннасын 37 шаруашылық құрылымдары пайдаланған.
Диқандардың еңбегі ала жаздай еңбегін ысырап етпей, қамбаға құюмен шектелмейді. Дәл көктемдегіше дақыл егу жұмыстары күзде де жалғасын табатыны белгілі. Қазір шиелілік шаруалар 789 гектар жерге күздік бидай егіп үлгерді. Айтуларынша алдағы уақытта бұл жұмыстар өз жалғасын таппақ.
Қара жерге дән сеуіп, оны күтіп-баптап, мол өнім алу өз алдына, маңдай тердің ақысын алу үшін дер кезінде тұтынушыға жеткізу де үлкен күшті талап етеді. Биыл Шиелінің төл өнімдері Ресей мен Қырғызстанға жол тартты. Ақ күріштің120 тоннасы, 500 тоннаға жуық қауын мен қарбыз және 6 тонна қызанақ дақылдары көрші жатқан қос елге экспортталды.
Сондай-ақ Қазақстанның Нұр-Сұлтан, Алматы, Петропавл, Ақтөбе және Жаңаөзен, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау секілді қалаларына 390 тонна ақ күріш, 130 тонна қарбыз, 500 тонна қызанақ пен 326 тонна жоңышқа шөбі жөнелтілген.
Сыр диқандары осылайша тағы бір егін маусымын ойдағыдай аяқтамақ. Бұл – ­береке-бірліктің, еселі еңбектің жемісі.

Гүлхан ЯХИЯ

18 қазан 2020 ж. 524 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930