Дәнге тұнып көсілген жер, қолдан ырыс өсірген ел
Сары алтындай күздің салқын ауасы сезілгенде-ақ егіс даласы дүбірге толып, егінші-механизаторлар сыр маржанын жинай бастайды. Одан қалды «Қыс шанаңды жаз сайла» деген тәмсілдің түбіне терең бойлағандар төрт түліктің қыс азығын қамдап, жем-шөбін әзірлейді. Осылайша күрең күздегі қым-қуыт тірлік әп-сәтте қыза түседі. Бұл орайда сұлу Сыр мен қазыналы Қаратаудың арасын кең жайлаған киелі мекеннің тұрғындары да қалыс қалған емес. Бүгінде қолдан ырыс өсірген ел егістік даласындағы науқанды тәмамдауда.
Биыл диқандар 29 595 гектар жерге егін еккен. Ауданда ауыл шаруашылығының алға жылжуына шаруа қожалықтарының қосқан үлесі зор. Жалпы өңірде егін шаруашылығымен айналысатын 98 қожалық бар. Олардың арасында биылғы көшті Төңкеріс ауылдық округіндегі «Төңкеріс және К» шаруа қожалығы бастап тұр. Бұл шаруашылық жыл сайын 1000 гектар аумаққа егін егуде. Биыл егін алқабына 400 гектар жоңышқа, 200 гектар мақсары, 160 гектар бидай отырғызған. Олардың арасында «янтарь», «лидер», «фаворит» күріш сорттары да бар. Аталған шаруа қожалық биылғы жиын-терім науқанын 7500 тонна астық жинаумен қорытындылап отыр. Биылғы күзгі науқанда Ы.Жақаев ауылындағы «Алтын дән-Шиелі» шаруа қожалығы жақсы нәтиже көрсетіп, қырманды қызылға толтырды. Ең алғаш 2002 жылы небәрі 100 га жерге күріш еккен шаруашылық қазіргі таңда 1000 гектар алқапқа астық отырғызумен айналысады. Соның нәтижесінде биыл аталған шаруашылық 80,5 центнерден 4025 тонна өнім алған. Бестам елді мекеніндегі «Бестам елі» шаруа қожалығының көрсеткіші де жаман емес. Кетпенін күн нұрына суарған диқандар ырысты ысырапсыз жинаудың арқасында 78 центнерден 1950 тонна астық жинауда. Шиелідегі шаруашылықтардың ең жасы саналатын «Байсын» шаруа қожалығы осы күзде гектарынан 60 центнерден егін жинап, 3300 тонна өнім алуда.
Егіншілер қазіргі таңда екі есе өнім алып, қаржыны үнемдеу мақсатында тамшылатып суару әдісін қолға алған. Бүгінде осындай әдіспен 50 гектар алма бағы өсірілуде. Оның 15 гектары биылғы жылы Талаптан және Сұлутөбе ауылдық округтеріне егілді. Сондай-ақ суды үнемдеп пайдалану бойынша Жаңатұрмыс ауылдық округіндегі «Байсын» шаруа қожалығы ашық топырақта тамшылатып суару технологиясымен 13 гектар жерге көкөніс дақылдарын отырғызды. Бұдан бөлек Ақмая, Алмалы, Ақтоған, Талаптан елді мекендерінде де пленка қолдану әдісімен 155 гектар жерге көкөніс өсірілуде. Осы жобаның аясында бүгінгі күні 2 гектар жерге 6 жылыжай салынып, алғашқы өнімдер жиналуда. Жалпы айтқанда 1093 гектар жерге егілген көкөніс дақылдарынан 3984 тонна өнім өндірілді. Міне, құнарлы жерге бір дән тастап, бір жылдық асты қамдаған шаруалардың арқасында ауыл шаруашылық саласы серпіліс алып, аудан экономикасының өсім алуына да ықпал етуде. Бұл сөзімізге биылғы жылы Ресей еліне экспортталған 280 тонна көкөніс өнімдері мен 335 тонна бақша дақылдары дәлел.
Топырақ тозаңында талай тарихи тұлғалардың табан ізі қалған Шиелі шаруаларының биылғы жетістігі осындай. «Мен күрішке тек тағамдық дән деп емес, ата-бабамның, атамекенімнің байырғы дақылы деп қараймын. Сондықтан жақсы көремін» деген даңғайыр диқан Ы.Жақаевтың ізбасарлары киелі өңірдің мол табысқа кенеле беретінін тағы бір дәлелдеді. Жалпы аудан соңғы бес жылда барлық сала бойынша дамудың жоғары деңгейіне қол жеткізіп отыр. Қазіргі кезде құрылыс қарқыны артып, инвестиция көлемі ұлғайған. Кент орталығы мен бірқатар елді мекендерде жаңа нысандардың іргетасы қаланып, ел игілігіне пайдалануға берілген. «Есесі қайтпас еңбек жоқ» демекші, аудан бірнеше мәрте сыр салысын жинаудан рекорд жасап, облыста «Үздік аудан» атанғаны тағы бар. Алдағы уақытта да еңбекпен маңдайдан тер шығарған шаруалардың Шиелінің атын шарықтата беретініне кәміл сенімдіміз.
Маржан
ҚҰРМАНҒАЛИЕВА