Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » егін сайлы, көңіл жайлы

егін сайлы, көңіл жайлы


Бейнет кешкен адамның берекеге кенелетіні ақиқат. Әсіресе, ерте көктемнен таңмен таласа тұрып, күн батқанша дамыл таппайтын диқан қауымының дала төсіндегі қызу тіршілігі қандай құрметке болса да лайық. Егін науқаны қызған осы бір шақта әрбір күнді тиімді пайдалануға тырысып, көктен берген, жерден өнген өнімді төкпей-шашпай жинап алудың қамымен жүрген шаруалардың тынымсыз тірлігіне зер салдық.Дархан даласы да, шөлі мен шөлейті де, құмы да, асқаралы тау­лары мен дариясы да көрген жанды қызықтырмай қоймайтын өңірде биылғы егін орағының түсімі жаман емес. Ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметі бойынша, егін алқабына егілген 1000 гектар күздік бидайдың дәл қазір 473 гектары жиналған. Яғни диқандар 946 тонна астықты төкпей-шашпай қамбаға құйды.
– Аудан мал мен егін шаруашылығын дамытуда мол мүмкіндікке ие. Осы тұрғыдан келгенде өңірде жыл өткен сайын мал басының өсіп, егін алқабының да көлемі арта түскенін білеміз. Әсіресе, өңірде көктемгі науқандық жұмыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тұрғындардың берекелі тірлікке деген ұмтылысын қамшылай түсті. Науқандық жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіліп, қазіргі уақытта бидай мен мал азығы орылып жатыр. Бұйырса күзгі дала жұмыстары да өз деңгейінде жүргізілетін болады, – дейді ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков.
Бидаймен қатар егінші қауым өткен жылғы жоңышқа дақылын оруға кірісіп кетті. Мамандардың айтуынша, күтімге алынған 5448 га ескі жоңышқаның 400 га тұқымға қалдырылған. Ал қалғанына орақ түсіп, бүгінде 9540 тонна жоңышқа шөбі дайындалып, орта өнім гектарына 18,9 центнерді құрап отыр.
Егіс алқабындағы бақша өнімдері де пісіп жетіліп тұр. Санаулы күндерден соң жергілікті қызанақ пен қауын-қарбыздың саудасы қыза түседі. Шиелілік диқандар күтіп-баптаған балғын картопты да базар сөресінен көрер уақыт жақын. Жалпы биыл ауданда көкөніс пен бақша өнімдері 4600 гектардан аса алқапқа егіліп отыр. Ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының сөзіне сүйенсек, аудандағы астық жинау науқанының жемісті маусымы былтырғыдан бөлек. Сондай-ақ егін шаруашылығымен айналысатын ауылдардың көшін Ақмая, Төңкеріс, Еңбекші, Талаптан, Керделі, елді мекендері бастап тұр.
Демек, биылғы науқанда да өңір шаруалары айтарлықтай жетістікке қол жеткізіп, аймақта ауыл шаруашылығы саласының арнасы кеңейе түспек.
Одан бөлек алдағы уақытта жұрт Шиеліні ақ күріші, ерекше дәмді қауынымен ғана емес, айрықша алмасымен де танитын болады. Бұл ретте аудан шаруалары аянбай еңбек етіп келеді. Өңірдегі тамшылатып суару әдісімен өсіріліп отырған 50 гектар алқаптағы алма бағы соның дәлелі.

Гүлхан ЯХИЯ
20 шілде 2019 ж. 2 725 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930