Даладағы дүбір
Несібесін жерден іздеген әрбір диқанның алты айлық демалыстан кейін қайта тұрып, ескі сарайдан жүзі қайтып, шаң басқан кетпен, күрек сайманын қайта сайлайтын уақыт та келді. Даладағы дүбірдің қыза түсетін шағыда осы тұс. Диқан қауымы дәнін дайындап, жерін жыртып, су келетін арналардың ой-шұқырын тегістейтін кез көктемнің алғашқы айлары екені баршаға белгілі. Ал, осындай науқанның алдында аудандағы диқаншылардың жайы қалай? Биыл дарияны жағалай жайғасқан Сыр елі, әсіресе, Шиелі диқандары қанша жерге дән тастамақ? Былтырғы жылы орын алған су тапшылығы биыл қайталанып жүрмей ме? Міне, санаға кептелген осы сауалдарға аз-кем жауап іздеп, аудандық ауыл шаруашылық бөліміне хабарласқан едік. Жауап мынадай болды.
Егіс көлемі
Жыл басында облыс әкімі Қ.Көшербаев аймақтағы 2019 жылы егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының сызбасын бекіткен болатын. Біз осы жерде басқа емес, өзімізге тиесілі мәліметті көрсетсек. Бекітілген сызбаға сәйкес, ағымдағы жылы Шиелі ауданы бойынша 27 372 гектарға егіс егу межеленіп отыр. Бұл өткен жылғы жалпы егіс көлемімен салыстырғанда едәуір аз екендігін байқатты. Нақтылап айтар болсақ, биыл аудан диқаншыларының жұмысы 320 гектар жерге қысқарған. Ал, егіс көлемінің азаю себебін аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары ағымдағы жылы ауданда су көлемінің тапшы болатынымен түсіндіріп отыр. Иә, қазекемнің «судың да сұрауы бар» деген сөзіне құлақ асып, ағын судың өзін оңды-солды шашып-төкпей, ысырапқа жол бермей пайдаланатын уақыт тақап тұр. Бұл мәселе барлық диқандар мен жалпы елдің назарында болғаны да дұрыс. Өйткені, күздегі алатын өніміміз бүгінгі ұқыптылығымызға байланысты болмақ. Сонымен, биыл ауданда күздік бидай 1000, жаздық бидай 472, тары 75, мақсары 1100, жаңа жоңышқа 3025, ескі жоңышқа 5448, мал азықтық асқабақ 91, картоп 1100, көкөніс 1474, бақша өнімдері 2007 гектар жерге егілуі жоспарланған. Ал, Сыр маржаны саналған негізгі дақыл күріштің көлемі 11 580 гектарды құрамақ.
Тұқым тазалығы сақталған
2019 жылдың егісіне аудан бойынша 3024 тонна жоғары репродукциялы күріш тұқымы, 94,4 тонна жаздық бидай, 27,4 тонна мақсары және 39 тонна жоңышқа тұқымы қажет. Ағымдағы жылы тұқымды жаңарту мақсатында «Ақмая» шаруа қожалығы күздік бидайдың Шымкент қаласынан әкелінген 55 тонна «Стекловидный-24» элита сорты егілген. Ал, биыл егісті сапалы тұқыммен қамтамасыз ету үшін бүгінде 3024 тонна күріш, 30 тонна мақсары және 39 тонна жоңышқа тұқымы дайын екен. Бұдан бөлек, 3025 гектар жаңа жоңышқаның 2550 гектары себілсе, жаздық бидайдың 455 гектары және мақсарының 1100 гектары егілген. Сондай-ақ, Жалғызағаш учаскесінде 300 гектар жер қайта айналымға қосылып, бүгінде күріш егуге дайындық жұмыстары жүруде.
Тыңайтқыш тапшы болмай ма?
Қазір бұрынғыдай емес, жердің де құнарлығы азайып, күші қайтқан. Жыл өткен сайын бұрын-соңды білмеген, адам естімеген өсімдіктердің аурулары да көбейген. Адаммен малды былай қойғанда, бақшаңдағы дақылыңа да дәрі қажет. Осы орайда, биыл аудан егістігіне межеленген 10650 тонна минералдық тыңайтқыш пен 10518 литр гербицид қажет. Бұл бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, қазіргі таңда шаруашылықтар тарапынан минералды тыңайтқыштардың 9336 тоннасы, яғни, 87,7% алынған. Қалған мөлшері алдағы мамыр айында толық жеткізілмек.
Техника және жанар-жағар май мәселесі
Жыл басындағы есеп бойынша шаруашылықтарда көктемгі дала жұмыстарына қатысатын 322 трактор, 74 соқа, 43 тұқым сепкіш, 51 автомашина және 161 трактор тіркемесі сақадай сай делінген болатын. Сондай-ақ, биылдан бастап жеңілдетілген дизель отынына квоталарды электронды бөлуді және ауыл шаруашылық тауар өндірушілердің жеңілдетілген дизель отынын сатып алу жұмыстары автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (www.qoldau.kz веб порталы) арқылы іске асырылатын болады.
Су
Судың тапшы болатынын бұған дейін де сөз еттік. Дегенмен, үнемдеп, дұрыс пайдаланатын болсақ, судан келетін қауіпті сейілтетініміз анық. Аталған мәселеге орай суды көп қажет ететін күріш дақылының да өңірде егістік көлемі азайған. Жалпы, биылға облыс әкімімен бекітілген ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру сызбасына сәйкес тұрақты суаруға 594 млн. текше метр су қажет деп танылып, бүгінде Сырдария өзеніне келген судың жағдайынан тұрақтылық байқалады. Ауыл шарушылығы бөлімі берген мәліметке сүйенсек, дәл қазір Шардара су қоймасына секундына 500 текше метр су түсуде. Алдағы уақытта кезең-кезеңімен еш кедергісіз келетіні де белгілі болды.
Елдос ЖҮСІП.