Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БІР БАҒЫТ – БІР МАҚСАТ: ЗАҢҒА ҚҰРМЕТ, ТӘРТІПКЕ АДАЛДЫҚ!

БІР БАҒЫТ – БІР МАҚСАТ: ЗАҢҒА ҚҰРМЕТ, ТӘРТІПКЕ АДАЛДЫҚ!

Қоғамда болып жатқан түрлі өзгеріс пен әлеуметтік құбылыстың ортасында өз орнын іздеген жас буынның санасына заң мен тәртіптің маңызын сіңіру – уақыт талабы. Осы орайда 8 қазан күні аудандық мәдениет үйінде өткен «Біз – заңды құрметтейтін ұрпақпыз!» атты шара – жас ұрпақтың бойына әділет пен адалдықты сіңірер ерекше форматтағы тәрбиелік алаң болды. Мұнда ұстаз да, оқушы да, мәдениет пен құқық саласының өкілдері де бәрі ортақ идея төңірегінде бас қосты. Ол идея – заңға құрмет пен қоғамға жауапкершілік.

Шараның ашылу салтанатында аудандық білім бөлімінің басшысы Дәуренбек Насибеков бірінші құттықтау сөз сөйлеп, жастардың құқықтық сауаттылығы – ел болашағының негізі екенін атап өтті. Ол осындай іс-шаралар арқылы оқушылардың азаматтық белсенділігі мен заңға ­деген ­саналы көзқарасы қалыптасатынына сенім білдірді. Шара аясында жас буынға ой салатын, жүрекке жетер мазмұн ұсынылды. Жиынның шымылдығы ел болашағы – жастарға бағытталған ізгі ниетпен түрілді. Алғашқы сөзді аудандық білім бөлімінің басшысы Дәуренбек ­Едігеұлы алды. Ол өз сөзінде бүгінгі жас буынның бойына елжандылық, тәртіп пен жауапкершілік қасиеттерін сіңіру – білім беру саласының басты міндетінің бірі екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ осындай тәрбиелік мәні зор кездесулердің жастардың көзқарасына оң әсер ететінін атап өтті. Әрмен қарай сөз кезегі Шиелі ауданының прокуроры Қанат Жантөреевке берілді. Ол өзінің баяндамасында құқықтық тәрбие, заңға мойынсұну, жауапкершіліктің жас ерекшелігімен шектелмейтінін кеңінен айтты. Бұл – үлкендер тарапынан жастарға берілген тура жолдың нұсқауы іспетті болды. Ал сахна төріндегі көріністер – заң тілінен гөрі өмір тілінде сөйлеп, көрерменге ой салды. «Қытық» халықтық әзіл-сықақ театрының орындауындағы Кенжебай Жүсіптің монологтары – бүгінгі қоғамдағы көлеңкелі көріністерді көркем жеткізіп, терең толғандырды.

Кештің ең серпінді, ең жарқын сәті – чирлидинг байқауы. Иә, би мен қимыл – бұл жерде жай ғана өнер емес, тәртіпке негізделген тәрбие тілі болды. Әр команда сахнаға өз ұранын алып шығып, заң мен құқық, Отан мен әділет туралы серпінді қимылмен, ұшқыр ұранмен көрерменді тәнті етті. Қатысушылардың сахнадағы сенімді қимылы, үйлесімді биі мен мәні терең ұрандары – жас ұрпақтың болашаққа бейжай қарамайтынын дәлелдеді. Бұл – заңға құрметпен қарайтын жастардың жарқын бейнесі болды. Сайыстың әділ әрі жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз еткен қазылар алқасының төрағасы Қанат Мүтәліпұлы, аудандық білім бөлімінің бас маманы, қазылар алқасының мүшесі Талғат Бөпежанов, сондай-ақ аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Жантас Инаятханұлының бағалаулары мен кәсіби көзқарастары арқылы шара жоғары деңгейде өтті. Т а р т ы с т ы ө т к е н б а й қ а у д ы ң қорытындысында қазылар шешімімен жүлделі бірінші орынды №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы орта мектебі алса, екінші орын №48 Ә.Қоңыратбаев атындағы мектеплицейіне бұйырды. Ал үшінші орынды №46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейі жеңіп алды. Жеңімпаздарға марапаттар мен алғыс хаттар табысталды. Бірақ бұл жерде жеңілген ешкім жоқ. Әр команда ұлт болашағы үшін ұлы іске үн қосқан қайсар топ ретінде есте қалды. «Біз – заңды құрметтейтін ұрпақпыз!» деген атау – жай ғана ұран емес, бұл – бүгінгі оқушының, ертеңгі ел тізгінін ұстар азаматтың өмірлік ұстанымы болуға тиіс. Қоғамның тәртібі – әр адамның ішкі мәдениетінен басталады. Ал ішкі мәдениет – бала күннен берілетін бағытпен, дұрыс қалыптасқан оймен, сіңірілген сана-сезіммен шыңдалады. Бұл жолда осындай мазмұнды, жүрекке жететін шаралар – ең басты құрал. Сондықтан заң мен әділеттілікті ту еткен ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі ұрпақ алдындағы борыш.


Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ,
фото Бақытжан БӘЙІМБЕТ

13 қазан 2025 ж. 29 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№77 (9344)

11 қазан 2025 ж.

№76 (9343)

07 қазан 2025 ж.

№75 (9342)

04 қазан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031