Аналарға құрмет
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай аудандық мәдениет үйінде «Ару қыз. Ардақты ана. Аяулы әже» атты салтанатты шара өтті.
Мейірімділік пен сұлулықтың, даналықтың және рухани қуаттылықтың салтанат құрған күні ауданның аяулы аналары мен қыз-келіншектері ерекше құрметке бөленді. Мерекелік шарада айтылған ізгі тілектер мен шырқалған әннің бәрі асыл ана, адал жар, аяулы қыз-келіншектерге арналды.
Аудан әкімі Әшім Оразбекұлы әйелдер қауымына ізгі тілегін жолдап, түрлі салада белсенділігімен, адал еңбегімен көзге түскен аруларды алғыс хаттармен марапаттады. Мерекелік кеште залда отырған еңбек ардагерлері мен барлық нәзік жандыларға аудан әкімінің құттықтау хаты мен мерекелік сыйлықтары тарту етілді.
Жарық дүние сыйлаған жандарға жүрегімізден жарып шыққан тәтті тілегімізді айтып, жылы лебізімізді білдіріп, шексіз құрмет-қошеметімізге бөлеп, қуантуды әдетке айналдырсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, аналарымыздың қуаныштан бал-бұл жайнаған жүздерін көрудің өзі бір ғанибет.
Фариза КЕНЖЕШОВА.