Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ПАТРИОТИЗМ МЕН ПАРЫЗ ТОҒЫСҚАН МЕРЕКЕ

ПАТРИОТИЗМ МЕН ПАРЫЗ ТОҒЫСҚАН МЕРЕКЕ

Еліміздің тарихында елдік пен ерлікті дәріптейтін атаулы күндер аз емес. Солардың бірі – Жергілікті әскери басқару органдары күні. Бұл мереке тек әскери қызметкерлер үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін маңызды. Өйткені ол – мемлекеттің қорғаныс қабілетінің мықтылығын, ұрпақтың патриоттық рухын арттырудың айқын көрінісі.
Осыған орай ауданында ерекше мәнге ие салтанатты шара ұйымдастырылды. Іс-шара Арман мәдениет үйінде «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің және «Жастарға патриоттық тәрбие беру және жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау» әлеуметтік жобасының аясында өтті. Басты мақсат – жас буынға отансүйгіштік сезім ұялату, олардың бойына ұлттық рух пен мемлекетке деген адалдықты дарыту.
Арман мәдениет үйінің залы бұл күні ерекше мерекелік көңіл күйге бөленді. Жиналғандар арасында Қарулы Күштердің ардагерлері, әскери қызметшілер, жергілікті әскери басқару органдарының қызметкерлері және жастар көп болды. Әсіресе, бұл мереке әскер қатарына шақырылатын жастар үшін үлкен мотивация, патриоттық тәрбиенің жарқын үлгісі болды.
Шараның шымылдығын Шиелі ауданының Қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Шахизатұлы құттықтау сөзімен ашты. Ол өз сөзінде:
– Жергілікті әскери басқару органдары – елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басты тіректердің бірі. Сіздердің қызметтеріңіз – тек әскерге шақыру жұмыстарымен шектелмей, жастарға бағыт-бағдар беріп, патриоттық рухты арттыруға үлкен үлес қосуда. Бүгінгі мереке – сіздердің еңбектеріңізге деген құрметтің белгісі, – деп атап өтті.
Мерекелік кеш барысында ауданның қорғаныс саласында қызмет етіп жүрген бірқатар азаматтар марапатқа ие болды. Атап айтқанда, Қарулы Күштердің ардагерлері мен әскери қызметкерлерге, әскерге шақыру комиссиясы құрамындағы дәрігер мамандарға, сондай-ақ ауылдық округ әкімдіктеріндегі әскери есепке алу және жастар ісі жөніндегі мамандарға аудан әкімінің арнайы алғыс хаттары табысталды.
Ерекше атап өтерлігі, 2025 жылғы оқу жылында жоғарғы әскери оқу орындарына кандидаттарды іріктеу кезінде үздік нәтиже көрсеткен алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімдері де назардан тыс қалмады. Бұл – жас ұрпақтың сапалы әскери білім алып, ел қорғауға дайын азамат болып қалыптасуына үлес қосқан ұстаздардың еңбегіне берілген жоғары баға.
Жастардың бойына отансүйгіштік сезім ұялату – бұл шараның негізгі идеясы болды. Ел қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы екенін ұғындыру үшін осындай кездесулердің маңызы зор. Шара барысында сөз алған Қарулы Күштер ардагерлері өздерінің әскери қызметтегі естеліктерімен бөлісіп, жастарға батылдық пен табандылықтың үлгісін көрсетті.
Мерекелік жиынның шарықтау шегі аудан өнерпаздарының ән шашуына ұласты. Олардың орындаған патриоттық әндері көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, бірлік пен елдікке деген сүйіспеншілікті одан әрі күшейтті.
Жергілікті әскери басқару органдары күні – бұл жай ғана мереке емес, ел қорғаушылардың мәртебесін көтеретін, олардың еңбегін бағалайтын ерекше күн. Мұндай бастамалар елдің қорғаныс қабілетін нығайтып қана қоймай, ұрпаққа ұлтжандылықтың биік рухын дарытады. Себебі Отанды қорғау – әр қазақстандықтың қасиетті парызы.

«Өскен өңір» ақпарат
23 қыркүйек 2025 ж. 71 0