
Шиелі кенті мен Алғабас ауылында таным-таразысынан өтіп, парасат тұғырына тұлға болып көтерілген Бердібай Алпысбайұлын еске алуға арналған «Ғибратты ғұмыр – ұлағатты ұрпақ» атты шара өтті. Еңбегімен ел есінде қалған Бердібай Алпысбайұлы 1956 жылы Шиелі ауданында дүниеге келген. 1973 жылы мектепті жақсыға тәмәмдап, осы жылы арман қала Алматыға келіп, зооветеринарлық институтына оқуға түседі. Кейіпкеріміз аталған оқу орнын 1978 жылы қызыл дипломмен бітіріп шығады. Еңбек жолын 1978 жылы Шиелі аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында экономист болып бастайды. 1981 жылы Қызылорда облысы бойынша қаржы полициясы департаментінде 20 жыл ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлыққа қарсы күрес бөлімінде қызмет етіп, полковник шеніне дейін көтерілді. Сан жылдағы бейнеттен соң 2002 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Қандай қызметте жүрсе де Бердібай Алпысбайұлы Шиеліні бір сәт естен шығарған емес. Туған жерін Швейцариядан артық көретін. Еңбек жолында Алғабас ауылында да қызмет етіп, осы ауылда 5 жыл тұрды. «Орнында бар оңалар» деп атам қазақ бекер айтпаса керек-ті. Осындай елін, жерін, жұртын сүйген ардақты азаматты мәңгі есте қалдыру үшін, ұрпақтары 40 жастан асқандар арасында волейболдан аймақтық турнир, көкпар ұйымдастырды. Баба рухына арнап «Шәймерден» мешітінде ас берді.
Волейбол турнирінің ашылу салтанатында Әнұран орындалып, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Кенжебай Жүсіп Бердібай Алпысбайұлына арнау айтты. «Аманат» партиясы Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жібек Баймұратова мен бір топ еңбек ардагерлері Бердібай ағаның өңірдің дамуына қосқан елеулі үлесі жайында сөз қаузады. Оның адамгершілік, сабырлылық пен қайсарлық қасиеттерін еске түсіріп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарыс көрігін қыздырған алты команданың ішінде Телікөл ауылының жігіттері ІІІ орынды иеленді. Ал ІІ орын бестамдықтарға бұйырса, жеңіс тұғырына Жаңақорған ауданы Байкенже ауылынан келген команда көтерілді. Жарыс жеңімпаздары мен барлық қатысушыға кубок, медаль, дипломдар мен қомақты ақшалай сыйлықтар тапсырылды. Алғабас ауылының ипподромында тартылған көкпарға келсек, еліміздің түкпір-түкпірінен додаға 300-ге жуық шабандоз қатысып, жалпы жүлде қоры 3 миллион теңгеден асып жығылды. Нартай ауылынан келген 27 жасар көкпаршымыз Жасұлан Айтбай бірінші салымға тігілген мотоцикл мен ақшалай сыйлықты олжалады. Бұдан басқа салымдарды Жаңақорған ауданы мен Түркістан облысынан келген шабандоздар қанжығасына байлады. Рух пен жігерге толы осындай шаралар өскелең ұрпақты туған жерге деген махаббат пен сүйіспеншілікке тәрбиелеп қана қоймай ұлттық спортты дамытуға да септігін тигізерін атап өткеніміз ләзім.
Айдар БАҚЫТЖАНҰЛЫ, сурет автордікі