Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар
4 қаңтар күні ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Берік Бисенқұлов Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының жеке құрамына жаңа басшы, полиция полковнигі Ақынғали Дәрменовті таныстырды. А.Дәрменов 1978 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. ҚР ІІМ Алматы заң институтын, ІІМ академиясының адъюнтурасын бітірген. Заң ғылымдарының кандидаты. 2008 жылы Германиядағы Дж.К.Маршал атындағы Еуропалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі зерттеу орталығында білімін жетілдіріп, 2012 жылы «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның Кембридж университетін аяқтаған. Сонымен қатар оның ғылыми-оқытушылық салада да мол тәжірибесі бар. Қатардағы тергеуші қызметінен ҚР ІІМ Кадрлық саясат департаментінің басшысы қызметіне дейінгі лауазым жолынан өткен. Ал академияның бұған дейінгі бастығы полиция генерал-майоры Д.Кенжетаев ішкі істер органдарынан босатылды. *** 5 қаңтар күні Қазақстан фермерлер одағы Қызылорда облыстық филиалының жаңа төрағасы сайланды. Бұл қызметке Өмірхан Пашкенов келді. Ол еліміздің ауыл шаруашылығы саласында 40 жылғы жуық қызмет атқарған. Алғашқы еңбек жолын Ақтөбе облысында агроном ретінде бастаған. Одан кейін Қызылорда облысы Шиелі ауданында ұжымшар бригадирі, бас агроном, ұжымшар төрағасының орынбасары, аудандық мемлекеттік тұқым инспекциясы, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы дәрежесіне дейін көтерілді. Соңғы 15 жылдан бері Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында еңбек етті. Соңғы 8 жылда басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарып, былтыр маусым айында құрметті еңбек демалысына шықты.