Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СӨЗДІҢ ҚҰНЫ ҚҰЛДЫРАҒАНДА...

СӨЗДІҢ ҚҰНЫ ҚҰЛДЫРАҒАНДА...

Айғай көбейген заманда ақиқатты есту қиындайды. Пікір көбейген қоғамда пайым азайса, ақпарат тасқынында адамдықтың үні жоғалуы мүмкін. Бүгінгі мәселе – кімнің сөйлеп, кімнің үнсіз қалғанында ғана емес, кімнің қандай жауапкершілікпен сөйлеп, кімнің қандай мақсатпен үнсіз қалғанында. Сөз айту еркіндігіне ие болған қоғам енді сол еркіндіктің мәдениетін қалыптастыруы керек. Өйткені сөздің қадірі кеткен жерде адамның қадірі де кемиді.
Заман талабы ма, әлде сананың өзгергені ме, әйтеуір бүгінгі қоғамда сөйлеу оңай, ал терең ойланып толғану қиынға соғып барады. Тұрмыстың түйткілі мен күнделікті күйбең тірлік адамдарды асығыстыққа үйреткендей, кез келген нәрсеге айта салу да, ашынып айғай салу да үйреншікті құбылысқа айналды. Бүгінде қолына смартфон ұстаған әрбір азамат – «блогер», ал желіде таратылған кез келген негізсіз пікір ақиқаттай қабылданатын болды. Алайда, айтылған әрбір ауыр сөз бен орынсыз қақпай үшін жауап беретін сәт келгенде, көпшілігі үнсіз қалуды жөн көреді.
Үнсіздік түбі – «мұңсыздық». Өзгенің абырой-беделін, ар-намысы мен азаматтығын аяққа таптап, жермен-жексен етуге әуестердің бұл әрекетін басқаша қалай атауға болады? Маңайымызға көз жүгіртсек: айғай мен шу көп, ал ақиқаттың көзі көмескіленген. Осы ретте еріксіз сұрақ туындайды: сөздің құны мен қадірі жеңілдеп кетті ме, әлде біз оны өзіміз жеңіл қолдана бастадық па?
Қазақтың дүниетанымында сөздің орны бөлек. Тіпті сөз қоғамда елдік сананы қалыптастырған, ұрпақ тәрбиелеген, дауды шешкен, бірлікті бекемдеген рухани құрал болды. «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді» деген нақылдың астарында қаншама өмірлік тәжірибе жатыр. Таяқ тәнді жараласа, орынсыз сөз адамның намысына тиеді, көңілін жаралайды, өзіне деген сенімін әлсіретеді. Кейде бір ауыз сөздің салдары бір сәтпен шектелмейді. Ол адамның жадында қалып, талай жылдан кейін де жанын ауыртуы мүмкін.
«Басқа бәле – тілден» деген ескерту де бекер айтылмаған. Халық тілдің өзін емес, тілге ие бола алмауды, ойсыз сөйлеуді, ашуға ерік беруді қауіп санаған. Өйткені сөз – ауыздан шыққаннан кейін иесінің ғана меншігінде қалмайды. Ол өзгенің санасына жетіп, сезіміне әсер етіп, қарым-қатынасқа ықпал етеді. Сондықтан сөздің жауапкершілігі оны айтқан адамның ниетімен ғана өлшенбейді, оның өзгеге тигізген әсерімен де бағаланады.
Қазақтың шешендік өнеріне назар аударсақ, билердің бір ауыз сөзбен үлкен дауды тоқтатып, ел арасындағы араздықты тарқатқанын көреміз. Олар сөздің күшін қарсыласын қорлауға емес, даудың түйінін шешуге жұмсаған. Ойдың өткірлігі адамды кемсітумен өлшенбеген. Шешендік дегеніміз – қарсы жақтың осал тұсын тауып, жұрт алдында масқаралау емес, көптің көңіліндегі түйінді дәл тауып, мәселенің мәнін ашу болған.
Қара қылды қақ жарып билік айтқан тұлғалардың сөзі ғасырлардан асып жетті. Неге? Өйткені олардың сөзі белгілі бір адамның ашуынан немесе жеке мүддесінен туған жоқ. Оның негізінде әділет, парасат, елдік мүдде жатты.
Қазіргі таңда әрбір телефон – жеке бір мінбер. Ойланбай айттың – лезде тарады. Бір ауыз дүниені жаздың – жұрт бірден үкім шығарды. Бірақ сол әділетсіз үкімнің салдары мен зардабына жауап беретін жан жоқ. «Тіл қаруы – сөз, сөз қаруы – ой» деуші еді қазақ даналығы. Расында да, бұл ұлттың ұрпағы, осы жұрттың баласы болғаннан кейін терең ойланбай әрекет етуге хақымыз жоқ. Фольклортанушы А.Затаевичтің «Күллі дала ән салып тұрғандай» деп сипаттаған көркем тілді, шешен мінезді қазақтың нағыз келбеті осындай биік парасаттан көрініс табуы тиіс еді.
Қоғам алдында сөз тізгінін ұстап, ақпарат таратып жүргендердің қатарында кәсіби журналистер бар. Арқалағаны алтын, жегені жантақ болған бұл мамандық иелері әдетте үлкен жауапкершілікпен сөйлейді. Олар әрбір сөзі үшін халық алдында қасқайып тұра алады, өйткені нағыз маман үшін «Ақиқат байлықтан қымбат». Платонның «Платон – менің досым, бірақ ақиқат бәрінен қымбат» деген қағидасын ұстанған олар өз мүддесінен қоғам мен ел мүддесін әрқашан жоғары қояды. Шын мәніндегі журналист «не болды?» деген сенсация қуумен шектелмейді, «бұл ақпараттың салдары қандай болмақ, қоғамға тигізер әсері не?» деген сұрақтарға жауап іздейді.
Ал бүгінгі блогер қауым ше? Өкінішке қарай, ұлттың ұлы тұлғаларын жерге ұру үрдіске айналып барады. Мұқағалиді «сорлы еркекке», қазақтың асқар тілін «маймылдың шүлдіріне», ақын жырға қосқан аяулы ананы «баласын тастаған тас бауырға», ал күй атасы Құрманғазыны «қарақшыға» теңеген жандардың әрекеті қоғамның жүйкесіне тиіп бітті. «Қазақ тілі – сіңірі шыққан кедейлердің, арба айдайтындар мен даяшылардың тілі!» деп желіде мұрын шүйіргендердің де әлі күнге дейін жазасыз жүргені қынжылтады. Артынан кешірім сұрап, қателігін жуып-шаятыны рас. Бірақ ол кешірімнен қорланған ұлттық құндылықтардың қалыбы қайта келе ме?
Жалпы, әлеуметтік желіде өлгендер мен ұлттық құндылықтарды қорлау бір басқа, тірі адамдарды тілдеп, жерден алып, жерге салу қалыпты жағдайға айналғаны жаныңды ауыртады. Біреуді орынсыз «парақор», «сатқын» немесе «алаяқ» деп кінәлай салу күнделікті тұрмыстың әдеттегі көрінісі іспетті. Желіні ашсаң – ұрыс-керіс, төгілген жағымсыз ақпарат. Сөзбен сөгіліп, тілмен тас-талқаны шыққан талай тағдырды көресіз. Шетелдік бір әлеуметтанушының «Ақша көбейген сайын адам мәдениеттен жұрдай болады» деген тұжырымы бүгінгі шынайы өмірден табылып тұрғандай. Адамгершілік пен әдеп шекарасын бұзғандарға қарсы пікір айтсаң, сені дұшпандай көріп, жерден алып, жерге салады. Мұндай ортада конструктивті диалог құрудың өзі мұңға айналды.
Хакім Абайдың: «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген даналық сөзі бүгінгі күн үшін ерекше маңызға ие. Біреуді орынсыз тілдеуден, қаралаудан ешқашан жақсылық шыққан емес. Бізге керегі – бос айғай мен дау-дамай емес, ұлттық тұтастық пен бірлік. Ал бұл бірліктің шырқын ойсыз айтылған, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» бағытталған орынсыз сөздер бұзады. Топшылай келгенде, айғайымыз ақиқаттан биік тұрмасын. Пікіріміз парасаттан төмен түспесін. Еркіндігіміз әдептен ажырамасын. Ең бастысы, сөзіміздің салмағы өзгенің жүрегіне түсер салмақтан ауыр болмасын. Сөздің қадірін білетін халық едік. Ендеше, сөздің құнын түсірмейік. Өйткені сөз құны кеткен жерде адам құны кемиді, ал адам құны кеміген жерде қоғамның рухани тұтастығы әлсірейді.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
12 қазан 2026 ж. 25 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№77 (9444).

10 қазан 2026 ж.

№76 (9443)

06 қазан 2026 ж.

№75 (9442)

03 қазан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031