БІЗ АДАМДЫҚТЫ НЕГЕ ҰМЫТА БАСТАДЫҚ?
Қазіргі қоғамда ең қауіпті жоғалту – ақша да, атақ та емес. Ең қауіптісі – адамдықтың жоғалуы. Ал біз оны байқамай жүрміз. Баяу, үнсіз, бірақ тұрақты түрде. Біреудің құлағанын көрсең, жүгірудің орнына видеоға түсіреміз. Жәбірленгеннің жанайқайын естісек, «өзімде проблема көп» деп ақыл үйретеміз. Біреу қиналып тұрса, «маған не қатысы бар?» деп теріс қараймыз. Иә, біз өзгердік. Бірақ бұл өзгерістің аты – даму емес. Бұл – жүрек суығының заманына бейімделу.Бүгінгі таңда бәріміз жүгіріп келеміз. Бірақ қайда? Не іздеп? Кім үшін? Асығыс болған сайын адамдыққа уақыт қалмайды. Мейірім көрсетуге секунд та жетпейді. Қарапайым «жақсысың ба?» деген сөздің өзі артық жұмыс сияқты. Сөйтіп жүріп, біз адамдықты бірінші жоғалтып жатырмыз. Әлеуметтік желі бізді батыл етті. Бірақ бұл батылдық жалған. Онда біз сезімсізбіз, аяусызбыз, түсіністік дегенді білмейміз. Кімнің жүрегі сырқырап тұрғанын желіден көре алмаймыз. Алайда соның бәрін көрмегендей сыңай таныту бізге оңай болды. Экран мейірімді құртып тынған жоқ, бірақ мейірімсіз сөйлеуді қалыпқа айналдырды. Қазір қоғамда бәрі бәсеке: кім жақсы өмір сүреді, кім көп табады, кім көп сөйлейді. Десек те, бір сұрақ қойып көрейік: кім жақсы адам болуға тырысып жүр? Өкініштісі санаулылар ғана. Адамгершілік – пайдасыз, рейтинг алып келмейтін, ешкім мақтамайтын құндылық болған соң, көпшілік оны «керексіз» деп есептейді. Үйде мейірім көрмеген бала оны қоғамнан күтпейді. Үлкендер бір-біріне түсіністік танытпайтын ортада жас буыннан адамдықты талап ету – артық сөз. Ал қоғамдағы қаталдық – бір күнде пайда болған кесел емес. Ол көп жылдан бері жинақталған рухани аштық. Шындығында, біз адамдықты ұмыта бастадық. Оны жаңарту ешкімге міндеттелмеген. Ешкім параметр ретінде өлшемейді. Ешкім бағаламайды. Дегенмен дәл сол адамдық – қоғамды сақтап тұратын соңғы тірек. Оны жоғалтсақ – бәрін жоғалтқанымыз. Бүгін әрқайсымыз өз жүрегімізді тексерейікші. Біз де адамдық қаншалықты тірі? Сол жылулықты өзімізден бастап, айналамызға тарата білсек, қоғамдағы суықтықты ертең өзгертуге болады. Біз адамдықты қайта есімізге түсіруіміз керек. Себебі тек адамдық сақталған жерде ғана шынайы қоғам, шынайы өмір, шынайы үміт бар. Ал сіз бұл тұрғыда қалай ойлайсыз, оқырман?
Айнұр ИБРАШЕВА







