Әлеуметтік желілер – технология жетістігі
Ғаламдық өркендеудің қазіргі сатысында әлеуметтік желі көш бастап тұр. Бүгінде уақытының тең жартысын әлеуметтік желіге арнайтындар саны көп. Желілер қатары жыл сайын толығып отыр: Instagram, Вконтакте, WhatsApp, Facebook, Twitter, Одноклассники, Viber және т.б.
Әлеуметтік желілер бүгінде түрлі мақсатта қолданылып жүр: жарнама, бизнес, жұлдыздардың өмірін бақылау, мотиваторлар блогы, тағысын тағы. Қазіргі таңда әлеуметтік желіні еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін күнделікті қолданады. Біреуі өмірінің тынысымен бөліссе, келесі адам өз білгенін көрсетуде, енді бірі өз бизнесін желілер арқылы дамытуда.
Бірақ бұл барлық артықшылықтармен бірге әлеуметтік желілердің кемшіліктері де жетерлік. Ең алдымен, көптеген адамдар ғаламторға тәуелді бола бастайды, жұртшылық үшін жұмыс істеп, өздерінің виртуалды имиджін қалыптастырады, бұл дұрыс емес. Екіншіден, көптеген алаяқтар ғаламторды пайдаланады, жалған парақшалар ашады. Соның кесірінен адамдар өте жиі алданып жатады. Әлеуметтік желілердің тағы бір кемшілігі - ондағы барлық ақпаратты сүзгілеу мүмкін емес. Сондықтан жас жеткіншектерге әлеуметтік желіде парақша ашудың қажеті шамалы.
Әлеуметтік желілер, әрине, біздің өмірімізді жеңілдетеді, уақытты үнемдейді, моральдық жағдайымызды сақтайды, бізді қызықтыратын адамдармен араласуға мүмкіндік береді, ақпарат көзі ретінде жұмыс істейді. Бірақ олардың бізге тигізетін зиянын да естен шығармау керек. Әлеуметтік желілер өз дамуын жалғастырады – көптеген қажет функциялар пайда болады. Бірақ адамның нағыз қарым-қатынасын, күлкісін және жылы көзқарасын ешбір желі ауыстыра алмайды.