ЖАЛҒЫЗДЫҚ ТРЕНД ПЕ, ТРАГЕДИЯ МА?
Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, «елімізде 4 миллионға жуық бойдақ жігіт пен тұрмыс құрмаған бойжеткен бар» деген дерек көзге оттай басылады. Бұл нақты сан ба, әлде дабыл қағар статистика ма – оны тиісті мекемелер айқындай жатар. Бірақ бір шындық анық. Бүгінгі қоғамда шаңырақ көтеруге асықпайтын, не асықса да батылы жетпейтін жастардың қатары көбейіп келеді. Бұл – жеке адамның ғана емес, тұтас ұлттың болашағына әсер ететін мәселе.Біздің танымда ер-азамат – шаңырақтың иесі, отбасының тірегі. Ал әйел – сол шаңырақтың шырақшысы, берекесі. «Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды» деген аталы сөздің астарында терең өмірлік философия жатыр. Яғни тіршіліктің берекесі – бірлікте. Алайда бүгінгі буынның басым бөлігі «алдымен жағдай жасап алайын», «мансапта өсіп алайын», «шетелде 50 жаста да үйленіп жатыр» деген сылтауларды алға тартады. Әрине, қымбатшылық қысқан заманда материалдық негіздің болуы маңызды. Бірақ уақыттың диірмен тасындай зымырап өтіп жатқанын ұмытсақ, ертең кеш қалуымыз әбден мүмкін.
Қоғамдағы тағы бір құбылыс – қарым-қатынастың материалдық өлшемге ауысуы. Соңғы жылдары әлеуметтік желіде «Жұма гүл» деген тренд кең тарады. Әр жұма сайын жігіт қызға гүл сыйлауы керек деген жазылмаған қағида қалыптасты. Гүл – ықыластың, сыйластықтың белгісі. Бірақ ол шынайы ниеттен емес, «солай болу керек» деген міндеттен туындаса, сезімнің салмағы жеңілдеп қалмай ма? Махаббатты гүлдің санымен өлшеу – оның қасиетін арзандату.
Шынайы сүйіспеншілік – қиын сәтте қасыңнан табылу, үнсіз түсіну, тіршіліктің ауыр жүгін бірге көтеру. Ол – бір күндік әсер емес, күнделікті қамқорлық. Егер жігіт гүлді жүрек қалауымен сыйласа – бұл сезімнің шуағы. Ал қысыммен жасалған әрекет – шарттың көрінісі ғана. Махаббат талаппен емес, жауапкершілікпен өлшенеді.
Бүгінгі таңда жұп табуға мүмкіндік бұрынғыдан әлдеқайда көп. Әлеуметтік желілер, түрлі танысу платформасы, онлайн қосымшалар – бәрі қолжетімді. Алайда таңдау көбейген сайын, тоқтам азайғандай. «Мүмкін одан да жақсысы бар шығар» деген ой адамның бір жанға бекінуіне кедергі келтіреді. Шексіз мүмкіндік – шексіз күмән тудырады. Нәтижесінде жүректер жақындаудың орнына алыстай түседі.
Жастардың тағы бір үрейі – ажырасу. Соңғы жылдары даңғаза той жасап, артынан түсінісе алмай, шаңырағы шайқалып жатқандар аз емес. Ажырасу – жеке екі адамның мәселесі ғана емес, ұрпақтың тағдыры. Ең өкініштісі, бұл құбылысқа қоғамның ет үйреніп бара жатқаны. «Адал неке», «адал жар» деген ұғымдардың қадірі кеміп, отбасы жауапкершілігі жеңіл қабылданатын болды.
Біз кейде өзгенің өмір салтына еліктеп, өз болмысымызды ұмытып кетеміз. Қазақ үшін отбасы – тек әлеуметтік институт емес, ұлттың өзегі. Ұрпақ сабақтастығы, тәрбиенің тамыры, рухани тұтастық – бәрі шаңырақтан бастау алады. Егер отбасы әлсіресе, қоғам да әлсірейді.
Жалғыздықты саналы түрде таңдайтындар бар. Бұл – әркімнің жеке құқығы. Бірақ жалғыздықтың жаппай белең алуы – демографиялық, әлеуметтік, рухани дағдарыстың белгісі болуы мүмкін. Ұлттың өсіп-өркендеуі үшін тек экономикалық даму жеткіліксіз. Берік отбасы, саналы неке, жауапкершілікті әке мен мейірімді ана керек.
Некелесу – жай ғана рәсім емес, жауапкершілік. Ол – екі адамның ғана емес, екі әулеттің, қос тағдырдың тоғысуы. Ал ажырасу – жеңіл шешім емес, жүрекке салмақ салатын ауыр қадам. Сондықтан махаббатты міндетке айналдырмай, материалдық шартқа байламай, өзара құрмет пен сенімге негіздеуіміз керек.
Қоғам болып ойланатын уақыт жетті. Біз махаббатты сәнге, ажырасуды қалыпты құбылысқа айналдырмай, отбасы құндылығын қайта жаңғыртуымыз қажет. Өйткені шаңырақ – ұлттың іргетасы. Ал іргесі берік елдің болашағы да баянды.
С.МАДИЯРОВА






