Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУ - ЕЛГЕ САЛЫНҒАН ИНВЕСТИЦИЯ

ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУ - ЕЛГЕ САЛЫНҒАН ИНВЕСТИЦИЯ

"AMANAT" партиясының «Кедергісіз келешек» және «Бақытты отбасы» партиялық жобалары халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты бастамалардың бірі ретінде өз нәтижесін көрсетіп келеді. Аталған жобалар аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға жүйелі қолдау көрсетіліп, жастардың сапалы білім алуына мүмкіндік жасалуда.
Осы бағыттағы игі істердің жарқын көрінісі ретінде Сыр өңіріндегі аз қамтылған отбасылардан шыққан 30 жастың оқу ақысын төлеуге қолдау көрсетілді. Жаңақорған ауданы бойынша партия филиалының үйлестіруімен және Байкен-U серіктестігінің демеушілігімен шамамен 17 миллион теңге бөлініп, бүгінде аталған жастар еліміздің түрлі жоғары және арнаулы оқу орындарында кедергісіз білім алуда. Бұл – азаматтардың болашағына сенім сыйлаған нақты көмек әрі әлеуметтік жауапкершіліктің айқын үлгісі.
Жайылма ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Клара Шәйменова бұл қолдаудың отбасы үшін маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, қаржылық қиындық туындаған кезеңде көрсетілген көмек үлкен демеу болған.
«Әрбір ата-ана баласының білім алғанын қалайды. Қаржылық қиындық туындаған кезде партия тарапынан көрсетілген бұл қолдау бізге үлкен тірек болды. Баламның білім алып жатқанына қуаныштымын. Осындай қамқорлық үшін алғысымыз шексіз», – дейді ол.

Қолдаудың нәтижесінде білімін жалғастырып жатқан жастардың бірі – Нұрдаулет Бижанов. Ол берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өз болашағын айқындау жолында нық қадам жасап келе жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, бұл көмек жаңа белестерге ұмтылуға серпін берген.

Өңірде партияның Жаңақорған аудандық филиалы мен «Байкен-U» серіктестігі арасындағы әлеуметтік әріптестік биыл екінші жыл қатарынан табысты жүзеге асырылуда. Бұл – партия мен бизнес арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың нақты нәтижесі.
Аудандық партия филиалының төрағасы Арман Мажитов партия жобалары бір реттік көмекпен шектелмей, ұзақ мерзімді нәтижеге бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, партияның басты мақсаты – халыққа нақты қолдау көрсету, әрбір азаматтың тұрмыс сапасын арттыру және әлеуметтік жауапкершілігі жоғары бизнес өкілдерімен әріптестікті нығайту. Партия жанынан құрылған Кәсіпкерлер қанаты осы бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырып, жаңа жобалардың жүзеге асуына мүмкіндік береді.
Айта кетейік, өткен жылы Қызылорда облысы көлемінде аталған жобалар аясында 600-ге жуық іс-шара ұйымдастырылып, 5 мыңнан астам азаматқа түрлі бағытта көмек көрсетілді. Биыл да әлеуметтік бастамалар жалғасын тауып, халық игілігі үшін жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
15 сәуір 2026 ж. 108 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№27 (9394)

14 сәуір 2026 ж.

№26 (9393)

11 сәуір 2026 ж.

№25 (9392)

07 сәуір 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930