Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғашықтар күні: ұлттық таңдау ма?

Ғашықтар күні: ұлттық таңдау ма?

Қазіргі заманда махаббат та бір жағынан «мерекеге» айналып кеткендей. Әлемнің әр түкпірінде ғашықтар өз күнін атап өтеді: бірі гүл сыйлайды, бірі хат жазады, енді бірі үнсіз-ақ сезімін жеткізеді. Дегенмен бір сұрақ ойдан кетпейді: біз атап өтетін Ғашықтар күні шынайы жүрек таңдауы ма, әлде сырттан келген сәннің ықпалы ма?
Бір кездері жастар арасында кең тараған 14 ақпан – Әулие Валентин күні көптің жадында. Мектеп қабырғасында ілінген «махаббат жәшіктері», жасырын хаттар, балалық сезімнің тәтті толқыны – сол бір кезеңнің өзіндік символына айналған еді. Уақыт өте келе бұл дәстүрге деген көзқарас та әртүрлі бола бастады.
Осы тұста қазақ қоғамы өз жолын іздеді. Еліктеумен шектелмей, махаббатты өз танымы арқылы түсіндіруге ұмтылды. Соның нәтижесінде 15 сәуір – ұлттық Ғашықтар күні ретінде қалыптасты. Бұл жай ғана балама күн емес, ұлттық дүниетанымнан туған саналы таңдау.
Бұл бастаманың да өзіндік тарихы бар. 1999 жылы қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбай алғаш рет осы идеяны көтерді. Уақыт өте келе, 2011 жылдан бастап ол түрлі мәдени-рухани іс-шара арқылы кеңінен көріне бастады. Кейін жастардың қолдауымен бұл күн қоғамда орныға түсті.
Бұл құбылыс кездейсоқ емес. Жаһандану жағдайында ұлттық болмысты сақтауға деген ұмтылыстың бір көрінісі.
Өйткені махаббат – тек екі адамның сезімі ғана емес, ол – мәдениеттің де айнасы. Әр халық оны өз болмысына сай қабылдайды: бірі ашық білдірсе, бірі сабыр мен ішкі мәдениет арқылы жеткізеді. Қазақы танымда махаббат ар-ұятпен астасқан, терең әрі текті ұғым ретінде бағаланады.
Сол себепті халық жадында сақталған ең асыл махаббат хикаяларының бірі – Қозы Көрпеш пен Баян сұлу бейнесі қайта жаңғырып, осы күннің рухани символына айналды. Олардың тағдыры – адалдықтың, беріктіктің және уәдеге деген адалдықтың көрінісі.
Әлем елдері де махаббатты әрқалай дәріптейді: Жапонияда сыйлық алмасу дәстүрі болса, Испанияда раушан гүлі мен кітап махаббаттың белгісі саналады. Қытайда сезім сандар арқылы білдірілсе, басқа елдерде ежелгі салт-дәстүрлерге негізделген ерекше дәстүрлер сақталған. Әр халықтың өз өрнегі бар. Ал қазақ қоғамының таңдауы – өз болмысын сақтау. Бүгінде осы күн махаббатты ұлықтайтын ерекше күнге айналып отыр. Гүл де сыйланады, жылы сөз де айтылады. Ең маңыздысы – сезімнің шынайылығы, жасандылықтан ада ықылас.
Сүйіспеншілік сезімі тұрғысындағы қазақ жігітінің дегдар ұстанымының тоқетер түйіні Абай өлеңдерінде-ақ жатқан болар.
Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол,
Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол.
Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым,
Мен не болсам болайын, сен аман бол!
Хакім Абайдың қаламынан туған бұл жолдар ұлттық ар-намыс пен танымның терең өзегін айқын танытатын тұғыр іспетті. Одан артық қандай сөз айтуға болады?
15 сәуір – тек күнтізбедегі дата емес, ол – өткен мен бүгінді жалғаған рухани көпір, ұлттық таным мен сезім мәдениетінің тоғысқан тұсы. Махаббат – мәңгілік ұғым. Оны ұлықтайтын әрбір күн де адам жүрегінде өз мәнін жоғалтпай өмір сүре береді. Ендеше, ғашықтар күні жыл сайын мәні артып, ұлттық реңі айқындала берсін.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
14 сәуір 2026 ж. 36 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№27 (9394)

14 сәуір 2026 ж.

№26 (9393)

11 сәуір 2026 ж.

№25 (9392)

07 сәуір 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930