ЖҮРЕК ПЕН ЖЫР ҮНДЕСКЕН КЕШ

Ғашықтар күні тек гүл мен тәтті сыйлайтын мереке ғана емес. Бұл – сезімнің шынайылығы мен рухани тереңдігін ұғындыратын, ел жадында көмескіленбей келе жатқан ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртатын ерекше күн. Ал бұл күні Алғабас жұрты сол руханияттың айнасы бола білді. Сахна… Махаббаттың үнін жеткізуге шама тапқан жалғыз орын. Сахна безендірілуінде де бір нәзіктік, бір үйлесім бар еді. Қозы мен Баянның бейнесіндей жымдасқан гүлдер мен жүрек бейнелері, жарықтың жұмсақ әсері көрерменнің жанын бірден баурап алды. Мұның бәрі – махаббатты сөзбен емес, сезіммен жеткізудің тәсілі. Осы кештің тізгінін ұстаған Думан Сәбитов жүрегімен сөйлеп, әр қатысушыны махаббат әлеміне жетеледі. Әдемі кеште «Қытық» халықтық әзіл-сықақ отауының көркемдік жетекшісі Аруна Қазнабекова «Сен үшін жаралғандаймын» әнін шырқады. Бұл ән – махаббаттың сөзге сыймайтын сезімі, адам жанының ең нәзік иірімдерін шерткен әуен. Арунаның үнімен бірге көпшіліктің көкірегінде ұмыт қалған естеліктер жаңғырып, алғашқы махаббаттың иісі аңқығандай болды. Сол сәтте сахна төріне шыққан «Өскен өңір» газетінің тілшісі Айнұр Ибрашева ғашықтық өлеңін оқығанда, уақыт тоқтағандай әсер қалдырды. Әр шумақ, әр сөз – махаббаттың өзіне айналып, жүректерге тыныштықпен емес, шексіз толқыныспен қонды. Өлең дегеніміз – сөзден құралған әуен емес, жүректен шыққан шындық. Айнұр оқыған жыр – соның нақ дәлелі. «Тек екеуміз» – жай ғана мәдени шара емес, бұл – мәңгілік махаббатқа тағзым, сезімге берілген серт, ұлттық мұраны ұлықтаған өнегелі іс-шара. Қозы мен Баянның махаббаты – әр қазақтың жүрегінде. Олардың аяулы тағдыры, ұлы сезімі ғасырлар өтсе де көмескіленбейді. Өйткені нағыз махаббат – мәңгілік. Алғабастың аспанында сол түні жұлдыздар әдеттегіден де жарық жанды. Себебі жер бетіндегі махаббат жұлдыздарға жетті. Екі жүрек – тек екеуі ғана болса да, бүкіл әлемге жетерлік мейірім мен махаббатты сыйлай алады.
С.МАДИЯРОВА