Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шиеліде «Махаббат мәңгі ертегі» атты кеш өтті

Шиеліде «Махаббат мәңгі ертегі» атты кеш өтті

Шиелі ауданында «Махаббат мәңгі ертегі» атты кеш өтті.

XIII-XIV ғасырдағы лиро-эпикалық поэмасының кейіпкерлері Қозы мен Баянның құрметіне әр жыл ғашықтар күні мерекесі ерекше аталып өтіледі. Махаббат – дүйім дүниедегі ең асыл, ең кіршіксіз сезім болса, ұлы сезімнің шырқау шыңына көтерілген сезімге адал, сертке берік Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу шынайы махаббаттың символы іспетті. Сондықтан «ғашықтар күні» бір-бірімен сүйіп қосылған егіз жандар үшін айтулы мереке саналады. Осы мереке қарсаңында «Арман» мәдениет үйінде «Махаббат мәңгі ертегі» атты кеш өтті.

Лирикалық бағытта өткен мерекелік кешке бірқатар сала мамандары мен жас өнерпаздар қатысты. Ең әуелі шараның шымылдығы ғашықтарға арналған арнайы бейнероликпен ашылды. Мұнан соң «Арман» мәдениет үйінің директоры, Шиелі ауданы мәслихатының депутаты Нұргүл Шәлекеева сөз алып, мерекелік құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ сахна төрінде 15 сәуір күні отбасын құрған жас жұбайлардың неке қию рәсімі өткізіліп, ғашықтардың алғашқы құжаттары табысталды.

Көрермен қауымды сүйсінткен бұл рәсімнен соң Өміржан Мінуаров пен Бибінұр Мұхтарқызы «Жаным» атты махаббатқа толы ән шырқап, қонақтардың ықыласына бөленді. Сондай-ақ Шиелі топырағынан шыққан, елге танымал өнерпаз Азамат Жолдасбек  жанды дауыста «Таптым-ау сені» әнін гитарамен сүйемелдеп, көштің көркін қыздырды. Мерекелік көңіл-күймен өз жалғасын тапқан шараға ауданның бірқатар  жарық жұлдыздары мен жас өнерпаздары қатысты. Бірі мың бұрала билесе, енді бірі махаббат әнін шырқап, жұртты сүйсінтті. Сонымен қатар ауданның айнасына айналып, ел алғысына бөленіп жүрген өнерлі жұптар да бұл кеште өз өнерлерін көрсетіп, қалың көпшіліктің ықыласына бөленді.
25 сәуір 2023 ж. 193 0