«Арманға» 5 жыл
Сәрсенбіде аудандық «Арман» мәдениет үйінде мерекелік іс-шара өтті. Онда армандарды орындаған, талайға тамызғы бола білген «Арман» мәдениет үйінің 5 жылдық мерекесі тойланды. 5 жылдық мерейтойын атап өткен армандықтардың көңіл-күйі көтеріңкі. Сақадай сайланған қызметкерлер мерейтойға орай «Бар өнердің бастауы – Арман» атты кеш өткізді. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған концерттің шымылдырығы «Жеті нота» ән және вокал үйірмесі, «Арман» би үйірмесі, «Сымбат-сұлулық» үйірмесі, «Сырлы бояу» сурет және қолөнер үйірмесі, «Әсем саз» үйірмелерінің жұмысы арқылы би композициясымен суреттеліп, ашылды. Сондай керемет үйлесіммен, әуезді әннің ырғағымен әрбір үйірменің жұмысын бимен бейнелеу ұжымның креативке толы идеяның жемісі деп білдік. Осы нөмірден кейін таңданысыңды жасыра алмайтын видеороликте түрлі жетістіктер мен атқарылған шаруалардың нәтижесі көрініс тапқан. Өнер ордасына айналған «Арман» мәдениет үйінің желі ерекше соғып тұрды. Айтулы мерекеде аудан әкімінің орынбасары Жандарбек Айтбай мерекелік құттықтау сөз сөйледі. Одан кейін құттықтау сөзді Шиелі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Исабек Байкенжеев, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», Шиелі аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Найла Палымбет, жеке кәсіпкер Насыр Мырзабеков, жастар ресурстық орталығының директоры Шахмардан Нығметов, «Айналайын» бөбекжай бақшасының әдіскері Индира Тоқсанбаева, №127 Ш.Уалиханов атындағы мектеп-лицейінің қазақ тілі бірлестігінің жетекшісі Қарлығаш Әбілқайырова алды. Әрмен қарай жаңадан құрылған «Классик» тобының «Қазақ елі» әнімен өрбіп, «Арман-Асыл аналар» ансамблінің «Сыр елі» әнімен, «Арман» би тобының «Заманауи биімен» жалғасты. Сондай-ақ сахнада ауданымызға белгілі күй орындаушылары Дәулет Барлыбаев, Өміржан Мінуаров, Шынболат Жансейітовтер Құрманғазының күйлері «Адай» мен «Балбырауынды» орындаса, Римма Ералы «Ризамын» әнін шырқады. Кеш соңы «Арман» мәдениет үйінің әнұранымен және директоры Нұргүл Шалекееваның қорытынды сөзімен аяқталды.
Ақбота БАЯНБАЙ