Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Серпіліс сыйлаған семинар

Серпіліс сыйлаған семинар


«Арман» мәдениет үйінде «Мәдениет. Қызмет. Нәтиже» клуб қызметкерлерінің облыстық семинар-кеңесі ұйымдастырылды. шараға облыс бойынша жалпы 70-ке жуық ауылдық мәдениет клубтары мен аудандық мәдениет үйлерінің мамандары қатысты.

Қатысушылар алдымен таңертеңгілік сергіту жаттығуларын жасап, «Арман» мәдениет үйінің жұмысымен танысты. Одан соң 4 үйірмеде шеберлік дәрістері өтті. «Сырлы бояу –шебер» қолөнер және сурет үйірмесінің жетекшісі З.Баймұрзаева «Өнердің қолы алтын» тақырыбында шеберлік дәрісін жүргізді. «Сымбат-сұлулық» үйірмесінде «Дене бітімін тік ұстау әдістемесі» жайлы тақырыпта үйірме жетекшісі С.Абдуллаева дәріс жүргізді. «Арман» мәдениет үйінің хореграфы Б.Дүйсенбаева «Классикалық бидегі қол және аяқ қалыптарының әдістемесі» тақырыбында шеберлік дәріс жүргізсе, «Жеті нота» ән және вокал үйірме жетекшісі Д.Беркімбаев «Дауыс қоюдың әдістері мен тәсілдерін қонақтармен бірге шеберлік дәріс жүргізді. 4 үйірмеде шеберлік дәріс біткен соң, «Мәдениет. Қызмет. Нәтиже» атты клуб қызметкерлерінің облыстық семинар-кеңесінің отырысы басталды.
Семинар кеңесті аудан әкімінің орынбасары Б.Жаниязов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Семинар барысында 2 баяндама оқылып, тренинг сабақ жүргізілді. «Жас өнерпаздардың шығармашылығын шыңдау» тақырыбында Жалағаш ауданы, Аққұм ауылдық клубының директоры Г.Айтжанова, «Халықты рухани тұрғыдан байыту шаралары» тақырыбында Жаңақорған ауданы, Бесарық ауылдық клубының директоры Ж.Сыздықов баяндама оқыды. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің тәрбие және мәдени көпшілік жұмыстарын үйлестіру бөлімінің басшысы, психолог тренер, педагогика ғылымдарының магистрі Назира Аймаханова «Тұлға бойындағы құндылық» тақырыбында семинарға қатысушылармен тренинг жүргізді.
Шара соңында облыстық халық шығар­машы­лығын дамыту және продюсерлік орта­лығы директорының орынбасары Р.Ділд­ә­бекова 10 номинация бойынша семинарға белсене қатысқан мәдениет қызметкерлерін марапаттап, сыйлықтар табыс етті. Семинар «Арман» мәдениет үйі өнерпаздарының дайындаған «Жарқын болашақ – жастармен» атты мерекелік гала концертімен аяқталды.

«Өскен өңір» ақпарат.
18 маусым 2019 ж. 1 499 0