Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәдени бастама – басшыдан, орындау – қызметкерлерден

Мәдени бастама – басшыдан, орындау – қызметкерлерден


Шиелі кентіне қарасты «Арман» мәдениет үйінің есігі қай кезде барсаң да айқара ашық. Жай ғана ашық тұрған жоқ. Іштен күмбірлеген күйдің, әсем әннің, мың бұрала билеген бишілердің аяқ дыбыстары, қолөнер және суретшілердің майлы бояу иістері аңқып, үйірмелерге келген оқушылардың шат-шадыман күлкілері мен көтеріңкі көңіл-күйлері есіп тұрады. Даңғырлаған айқай-шу емес, сезіміңді селт еткізер музыкалық ноталар.
Жүздеген балалардың бал-бұл жанған жарқын жүздері. Ұл-қыздарының өнеріне риза болып, оларды үйірмелерге жетектеп әкеліп жүрген әке-шешелерінің келешек ұрпағына сенімі, «Өнерлі болса, ешкімнен кем болмас, өмірінде қор болмас» деген арман-ниеті. Соңғы жылдары Көкшоқы елді мекенінің тұрғындары «Арманға» армандап келетін болды. Шалғайда деп жататын мәдениет үйі нағыз мәдениет пен өнердің, жаңалық бастамалардың, игі жақсылар бас қосатын орталықтың ошағына айналды. Айналасы, іші-сырты мұнтаздай таза, есіктен кіре өнер әлеміне енгендей әсер алатын безендіру, сыпайы, өте мәдениетті, кімді болсын күліп қарсы алатын жылы жүзді ұжым қызметкерлері мәдениет үйінің сәнін, ажарын келтіріп тұрғандай. Мұнда қандай іс-шара өтпесін, жасандылық, көз бояушылық, көрініп қалушылық деген атымен сезілмейді. Жүйелі, орнына қойылған жұмыстардың арқасында кез келген уақытта қысылмай, қымтырылмай отырғаны. Қағаз жүзінде «Айды аспанға шығару» армандықтарға жат қылық. Мәдениет үйіндегі «Сырлы бояу» қолөнер және сурет үйірмесі, «Жеті нота» ән және вокал , «Әсем-саз» ішекті аспаптар, «Сымбат сұлулық» және «Арман» би үйірмелері, сондай-ақ «Арман» асыл аналар, әжелер ансамблі мен «Сырлы саз» фольклорлық ансамбльдері таңдай қақтырарлық жағдайға жеткен. Бұл үйірме жетекшілерінің біліктілігі мен өнерге деген шынайы құштарлығынан туған жетістік демеске лажымыз жоқ. Өнер – мәңгі жасайтын байлық. Оны мәңгілік ететін бүгінгі тәрбиеленіп жатқан өнер шәкірттері болса, оларды өнердің сан-саласына баулып жүрген ұстаздардың мәртебесі асқақтай берері анық. Осы жерде үйірмелердің жазылу реті мен олардың жетекшілерін де кент тұрғындарына таныстырып өткенді жөн санадық. Қолөнер, бейнелеу шебері Зухра Баймырзаева, аудан, облыс намысын қорғап жүрген жезкөмей әншілер Дәурен Беркімбаев, Елдос Сейілов, Меруерт Дүйсебай, домбыраның құлағында ойнаған күйшілер Өміржан Мінуаров, Дәулет Барлыбаев,­ жастарды сұлулыққа бейімдейтін әзірбайжан қызы, қазақ келіні Севиль Абдуллаева, сахнаның көркі болған бишілерді билетіп жүрген Римма­ Ералы, «Арман» – асыл аналар, әжелер ансамблін әнімен де, сәнімен де жұртшылық көңілінен шығарып отырған Елдос Сейілов, «Сырлы саз» фольклорлық ансамблінің бағын ашқан Гүлнар Жукаевалар өнерге өмірлерін арнаған өнерпаздар, музыка мамандары, балалар жанын әлдилей білетін білімді, сазды ұстаздар деуімізге әбден болады. «Көкшоқының» ұл-қыздары бостан-бос сандалып, не істерлерін білмей жүрмейтіндеріне көзіміз жетті. Олардың баратын жерлері уақытын өткізіп, өнер арқалап қайтатын «Арман» мәдениет үйі құшақ жая қарсы алатын жылы ұясына айналғаны көрініп тұрды. Оны біз өткен аптада «Арман» сахнасынан тамашалаған «Өнерді қанат еткен қарлығаштар» атты ұжымның есеп беру кешінің концерттік бағдарламасынан аңғардық. Жылда дәстүрге айналған өнер есебі өнерпаздардың да, өнер жетекшілерінің де, мәдениет үйі басшыларының да жауапкершілігін, жылдық істеген еңбектерінің қорытындысын халық алдында көрсету – қазіргі өмір талабы. Осы жерде кім не істеп жүр, кім немен айналысады екен, тұтастай мәдениет үйінің тыныс-тіршілігінен, ұжымның жұмысынан хабардар ететіні сөзсіз. «Мынауымыз ұят болды-ау» деп күмілжімей, қашып-пұшып ыңғайсыздануға жол бермеудің ашық көрінісі. Қасқайып тұрып ән айту, балбыратып күй шерту, бүлкілдетіп би билеу, шешендік сөз қолданыстар көрермендер көңілін баурап жатса, ол ұжымның жетістігі деп ойлаймыз. Сонымен қатар әр үйірмеде талантын танытып келе жатқан бір-екі оқушыны атасақ та артықтық етпес деймін. Ақмарал Әмзіғалиева, Айжан Бекжаппарова, Саяна Талғат, Әділет Орынбасар, Ақарыс Құралбек, Қарақат Махмут, Нұрай Өркен, Аяна Жүсіпова, Аружан Жұманазар, Нұрсәт Абай, Әлтайыр Ғабитұлы т.б. шәкірттер өнерге бейім, алғыр өнерпаздар қатарында келеді. Өздері оқитын мектептің мақтанышына, ата-аналарының қуанышына айналған бұл ұл-қыздар ертеңгі аудан намысын қорғайтын өнерпаздар болатыны сөзсіз. Мәдениет деген кең ұғым. Өнерде ұлттың бет-бейнесі – оның тілі, әні, биі, күйі, музыкасы, домбырасы, ұлт аспаптар оркестрі. Кез келген өркениет өріне талпынған ұлт өзге мемлекеттерге экономикадағы табыстарымен қатар өзінің төл мәдениеті арқылы танылатыны белгілі. Бүгінгі есеп беру концертінің ерекшелігі – «шәкіртсіз ұстаз тұл» дегендей, ұстаздар ән салса, артынша шәкірттері өнер көрсетіп, онан соң қосыла ән орындап, күй шалқытқан өнерпаздарға риясыз шапалақ соғумен болдық. Сахна көркемдігі, үйлесімділік, саңлаусыз реттілік, сауатты қойылым, бәрі-бәрі «Арманның» өзіндік қолтаңбасын көрсете білді. Осының бәрі іскер басшы, шебер ұйымдастырушы, Шиелі ауданының өнерін өрге сүйреп келе жатқан «Арман» мәдениет үйінің директоры Нұргүл ­Шалекеева мен орынбасары Роза Мизамбаеваның, оның тату-тәтті, ауызбіршілігі мол, ұйымшыл, мәдениеті жоғары қызметкерлерінің ортақ жемісі, бірлескен жеңісі деуге тұрарлық. Мәдини бастама, мәдениет саласындағы жаңалықтар – басшыдан, оны атқару – «Армандағы» талантты, өнерді сүйе білген, сүйе білетін талантты қызметкерлерден. Мұны жақсы түсінген директор Н.Шалекеева «Арман» мәдениет үйінің есігін өнерпаз жандарға тоқтаусыз ашып қойған.

Өркен Исмаил,
ҚР Мәдениет қайраткері

04 ақпан 2020 ж. 852 0