ҒАШЫҚТЫҢ ТІЛІ – ТІЛСІЗ ТІЛ...
15 сәуір – ғашықтар күні. Бұл күн қазақ халқының XIII-XIV ғасырдағы лиро-эпикалық поэмасының кейіпкерлері Қозы мен Баянның құрметіне әр жыл сайын аталып өтіледі. Махаббат – дүйім дүниедегі ең асыл, ең кіршіксіз сезім болса, ұлы сезімнің шырқау шыңына көтерілген сезімге адал, сертке берік Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу шынайы махаббаттың символы іспетті. Сондықтан «ғашықтар күні» бір-бірімен сүйіп қосылған егіз жандар үшін айтулы мереке саналады. Осы мереке қарсаңында біз бүгінгі мақаламызға өмірге құштар ерекше жұпты арқау етпекпіз. Олар талай сынақты бастан кешсе де мәңгі бірге болуға серттескен жандар
Махаббат дегеніміз – екі парасатты, пайымды адамның сана биігінде жолығуы... Егер біз махаббатты Эверест шыңына теңесек, сол шыңға шыққандар саусақпен санарлық екендігіне көз жеткіземіз. Ал Абзал мен Айгерім Эверест шыңын бағындырғандар қатарында. Олай деуімізге себеп көп. Өйткені олар өмірге құштар жандар.
Махаббат дегеніміз – екі парасатты, пайымды адамның сана биігінде жолығуы... Егер біз махаббатты Эверест шыңына теңесек, сол шыңға шыққандар саусақпен санарлық екендігіне көз жеткіземіз. Ал Абзал мен Айгерім Эверест шыңын бағындырғандар қатарында. Олай деуімізге себеп көп. Өйткені олар өмірге құштар жандар.
Адам біткенге қол ұшын созудан алдына жан салмайтын егіз жұп ғашықтар мерекесін асыға күтіп жүргендердің бірі. Себебі олар осы мерекенің нағыз символы іспеттес. Алланың өзі тағдырларын бір арнаға тоғыстырған Абзал мен Айгерім тағдырдың тәлкегіне талай рет ұшыраса да бірін бірі жаңылмай тауып, бүгінде бар сынақты бірге жеңуге серттескен. Екі жақ құдандалы болып, Талаптан ауылы мен Еңбекшіге алтын көпір салған олар бәрінің жақсы боларына сенеді. Екеуі де екінші топтағы мүгедек. Десе де Құдайдың берген сынағына еш мойыған емес. Керісінше, өздері секілді өмірге құштар жандардың болашаққа деген құлшынысын оятып, шын ғашықтарға ештеңенің кедергі болмайтынын дәлелдеп келеді. Махаббаттың соңын ақ некеге ұластырған қос ғашық барша жұрттың алдында ұлан-асыр той жасап көпті қуантты. Өзгешелігі сол, Абзал мен Айгерім қуаныштарына өздері секілді тағдырдың тәлкегіне ұшыраған ерекше жандарды шақырған.
– Менің есімім Абзал Әділханұлы. Құдіреті күшті жаратқанның қалауымен, тәніме сынақ беріліп, дүние дидарына келдім. Тәнім сал болғанымен, жаным сау. Оған да шүкір. Ешкімнен кем емеспін. №244 Ы.Жақаев атындағы орта мектепте 5-6 жылдан бері информатика пәні бойынша «Лаборант» болып жұмыс істеп келемін. Маңдайыма бұйырған жұмысым өзіме қатты ұнайды. Негізгі мамандығым – заңгер. Қосымша компьютерлік курстар оқығанмын. Одан бөлек Шиелі ауданындағы «Үміт» мүгедектер қорымен бірлесіп жұмыс істеймін. Ол жақта да өзім секілді сан қилы тағдырлас бауырларым бар. Солармен берге «теннис, шахмат» ойындарынан жарысқа қатысып тұрамын. Оның өзі маған үлкен жетістік. «Кейде он екі мүшесі сау адамдар тағдырдың болмашы сынағына шыдамай бордай үгіліп, өмірден түңіліп жатады. Керісінше, туабітті кемтар немесе тағдыр тауқыметімен тартқан тағдырлас жандар өмірге құштар келеді. Жаратқан Иеміз біз секілді жандардың бір мүшесін кем жаратып, мүмкіндігін шектегенімен, мұқалмас ерік-жігер, қажымас күш берген. Мен өмірге құштармын. Шектеулі өмірде шексіз бақыт іздегендердің бірімін. Өзімнің өзгелерден ерекше екенімді білсем де, мен де ел қатарлы өз теңімді тауып бақытты болуды армандадым. «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» дейді ғой дана халық. Алла Тағала әрбір адамды жұп-жұбымен жаратқандықтан, мен де қисық қабырғамның бір күндері келеріне сеніп, оны ұзақ күттім. Бұрын қол ұстасқан қос ғашық көрсем қызыға қарайтынмын. Іштегі арманымды Аллаға айтып, онымен сырласатын едім. Жаратушымыз арман тілегімді қабыл алып, мені өзім секілді тағдырлас жанмен жолықтырды. Біз екеуміз ең алғаш әлеуметтік желі арқылы таныстық. Одан әңгімеміз жарасып, жолығуды ұйғардық. Ең алғашқы кездесуден-ақ мен оны бірден ұнаттым. Жүрек бірден сыр берді ме, әлде оның өз адамым екендігіне көзім жетті ме, білмеймін? Әйтеуір мен оны ұнатып қалғандықтан, сезімімді білдірдім. Айгерім өте ақылды, әдемі қыз. Араға 1 ай салған соң мен оған шаңырақ көтеруге ұсыныс жасадым. Ол да бірден келісті. Осылайша уақыт созбай екеуміз отау құрдық. Ел қатарлы мейрамханада ұлан асыр той жасадық. Бірінші қызықшылығымыз болғандықтан, тойымызға өзіміз секілді өмірге құштар жандарды қонақ қылып шақырдық. Біз қазір бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатырмыз. Екеуміздің махаббатымыз бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандарға, сондай-ақ қиындық пен кедергілерді басынан кешіп жүргендерге үлгі болғанын қалаймын. Алла қаласа келіншегім екеуміздің де өзгелер секілді ата-ана атанғымыз келеді. Біз оған сенеміз. Себебі, махаббат бәрін жеңеді, – дейді Абзал.
«… Ғажайып сезім – махаббат деген! Қара тасты қақ жарып шығып, өзіне жол салған мұз балақтай, махаббат жаныңның белгісіз бір түкпірінде пайда болады да, жолында тұрған сан бөгетке қарамастан бір жүректен екінші жүрекке жол табады. Кенет, көп адамның ішінен саған біреу ұнайды. Бұны кім, қалай түсіндіре алады? Бар болғаны сен оны сүйесің!… Бұл сұраққа адам баласы жаралғалы әлі ешкім жауап беріп көрген жоқ, сондықтан да мұндай сұрақты қоюдың да қажеті аз. Оған жүрек қана жауап бере алар. Сөз, ақыл – ойға берілген, бірақ оның да айтары жоқ… Алайда ақыл – ой, жүрек, сезім – бәрі біртұтас» деп жазушы Ілияс Есенберлин айтқандай, ғашық болу үшін адамға жүрек керек. Ал бүгінде қос жүректері жарасым тауып, шаңырақ көтерсе де, болмашы қиындыққа сынып ажырасып жатқандардың қатары көп. Бүгін көңіл жарастырған жастардың жыл толмай, тіпті бір-екі ай өтпей ажырасып жатқандары ойландыра ма? Әрине ойландырады. Осы тұрғыдан келгенде Абзал мен Айгерімнің шаңырақ көтеруін біріншіден, батылдық, екіншіден, көптеген адамдарға үлгі-өнеге деп есептейміз. «Тағдыр салды, мен көндім». Бұл – әлсіздің ісі. Ал өмірге құштар, тірлікке мығым адамдар бетпе-бет келгенде тағдырдың өзі тайқып шығады. Тіршілікке бас көзімен емес, тек жүрек көзімен ғана қарайтын олар бақытты болуға лайық.
«Мәңгі сені жазбаған сүрінуге, қайта тұрып хақың бар жүгіруге». Рас. Барлық адамның қайта тұрып жүгіргісі, бақытты болғысы келеді. Шынын айтар болсақ, Абзал мен Айгерімнің махаббат оқиғасы өзгелерден тым ерек. Олар шынайы сезімнің бар екенін дәлелдеген, қиындыққа қарсы тұрып, екі жарты бір бүтін болған жандар. Оларға «мүмкіндігі шектеулі» емес, «өмірге құштар» деген теңеу беру керек секілді. Неге дейсіз ғой? Өйткені олар расымен өмірге құштар.
«Біреу бар – тарыдай қиындыққа сынып кетеді, біреу бар – таудай қиындықтан шығып кетеді» деген осы болса керек...
Сымбат Сұлтан