Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғашықтық сынынан өте аласыз ба?

Ғашықтық сынынан өте аласыз ба?


Ұлы Абай «Махаббатпен жаратқан адамзатты» демей ме? Рас. Жұмыр бас­ты пенденің әрқайсысы ғашықтық сезімді бастан өткереді. Тіпті махаббат адам баласын өзгертіп, қым-қуыт, ырду-дырду арпалыста, тасбауыр­ тірлікте өмір сүруге құштарлығын арттырады. Ертеңінен үміт күтпейтін жандарды қанаттандырады. Көңілін күдік, ойын тұман басқан адамның жүзіне шаттық ұялатады. Осылайша махаббаттың құдіретін тізбектей берсек таусылмас, сірә! Алайда, тәтті болған сезімнің ащы тұсы да бар екенін естен шығармау керек. Жақсылықтың артынан жамандық қалыспайтыны сияқты махаббаттың да қуанышы мен қайғысы қатар жүреді. Сол сезімнің ащысын ­аяусыз тартқандар ғана махаббаттың алтын тәжін киеді. Жантас пен Аяужан да сондай жандардың қатарында. Олар Қозы мен Баянға, Төлеген мен Жібекке, Мәжнүн мен Ләйліге бұйырмаған бақыттың дәмін татты. Ғашықтықтың сынынан сүрінбей өтіп, ұзақ та қысқа, күрмеуге келмейтін ғұмырда бір-біріне сүйеу болды. Сол арқылы кітапты қолына алған талай оқырманға ой тас­тап, үлгі көрсетті. Бұл қандай кітап дейсіз ғой? Ілияс Есенберлиннің «Ғашықтары». Олай болса «Кітап оқыңыз» айдарының бүгінгі нөмірі осы туындыға арналмақ.

Ілияс Есенберлин қазақ әдебиетінде ең көп роман жазған жазушы ретінде танымал. Ол бір тақырыпта ғана қалам тербемеді. Шығармашалық жолын өлең, поэма, драма жазудан бастаған І.Есенберлин ұлттың басынан өткен трагедия­ны, Ұлы Отан соғысындағы қазақтарды, тың игеру жылдарының хикаясын, мүсіншілер мен суретшілердің өмірін бейнелеп, кітап бетіне түсірді. Осылайша қажырлы еңбек, шабытты әрекеттің арқасында жазушы жұртшылықтың жүрегінен орын алды. Әсіресе, махаббат хақында баяндаған «Ғашықтар» романы көпшілікке бірден ұнайтынына сенімім мол.
Роман бас кейіпкер Жантастың өз өмірін баяндауынан басталады. Ол өзгелер «Қара кемпір» деп атайтын әжесін ерекше жақсы көріп, құрметтейтінін, әжесінің алдында мәңгілік қарыздар екенін айтады. Өйткені, Жантас пен қарындасы Базаргүл жастайынан ата-анасынан айырылып, әжесінің қолында қанаттары қатаяды. Өкініштісі, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген әжесінен екі жетім айырылып қалады. Осы сәттен бастап Жантастың жауапкершілік жүгі ауырлап, қарындасына қамқор бола бастайды. Енді ол өмірге басқа көзбен қарап, бұрынғы балалық дәуірден қас пен көздің арасында жігіттік шаққа аяқ басады. Қарындасына қамқорлық танытып, жоғын түгендеп, жыртығын жамауды өз міндеті санайды. Романның осынау бастамасында оқырман ақ жаулықты әженің мейірімділігін ғана емес, аға мен қарындастың арасындағы сыйластық пен сезімді, қамқорлық һәм бауырмалдықты аңғарады. Алайда, роман ағалы-қарындасты екі кейіпкердің айналасында ғана өрбімейді. Әуелде үш кейіпкерден басталған туынды әрмен қарай өзге де кейіпкерлермен толығады. Сәйкесінше, бұл романды одан әрі қызықты етіп, оқырманды өзіне еліте түседі.
Жалпы «Ғашықтар» хикаясында көп мәселенің басы шалынады. Автор атаққұмарлықты, мансапқорлықты, сұлулыққа сүйсінуді, өнерге деген сүйіспеншілікті, өз ісіне адалдықты әсерлі етіп сипаттайды. Осындай сан алуан оқиғаның ішінде жастардың жалынды, адал махаббаты, рухани және материалдық қасиеттері де сөз болады. Романның негізгі кейіпкерлері – мүсінші Жантас, құрылысшы Аяужан, хирург Шерубай, манекенші қыз Ұлболсын. Осы кейіпкерлердің әрқайсысы оқырманға әртүрлі ой салады.
Мәселен, мүсінші Жантас. Ол талғам мен таңдау тоғысқан мамандықтың иесі. Сондықтан да болар кездесе қалған кісінің келбетіне тереңнен үңіле қарайды. Қарсысында тұрған адамның бет-пішінін ойша өзгертіп, жаңа туындыны дүниеге әкелуге құмартып тұрады. Иә, Жантастың жұмысы ерекше болғанымен өзіне кері әсерін тигізген тұстары да жоқ емес. Өйткені, ол манекенші қыздарды өзінің музасы немесе мәңгілік махаббаты екенін ажырата алмайтын еді. Сұлулықты сыртқы бейне немесе мінсіз мүсінде деп ойлайтын. Сондықтан ол манекенші Үмітке де, Ұлболсынға да ғашық болды. Сыртқы сұлулыққа ғана қызықты. Алайда, Жантас өмірінде кездескен қыздарды махаббаты емес, музасы екенін түсінді. Оған себепші болған хирург Шерубайдың оқиғасы еді.
Жасы егде тартқан, хирург Шерубай манекенші Ұлболсынға ес-түссіз ғашық болды. Әуелгіде оқырман жасы әжәптәуір үлкен азаматтың жас қызға сезімін білдіруін ерсі қабылдауы мүмкін. Бір жағынан оның кіршіксіз сезіміне күмән келтіретіндер де табылады. Бірақ Шерубай Ұлболсынның бақыты үшін барлығына дайын еді. Тіпті ол емделмейтін ауруға шалдықса да, Шерубай бір сәт жанынан кетпей, жылағанда демеу, құлағанда тіреу болады. Ұлболсын із-түссіз жоғалып кеткенде Шерубай жындануға шақ қалады. Ал Жантас солай істер ме еді? Жоқ. Ол Ұлболсын үшін алаңдамады, тек тән сұлулығына тамсанып, әдемі мүсін шығатынын ойлап қуанды. Ақыры не керек, романның соңында Жантас­ та Шерубайдың Ұлболсынға шын ғашық екенін ұғынды, мойындады. Өзінің бір сәттік қызығушылық пен мәңгілік махаббаттың аражігін ажырата алмағанын түсінді. Әрі Ұлболсынның өзін-өзі өлтірер сәтте жазып қалдырған хаты оны есеңгіретіп тастады. Бұл хат оқырманды да бей-жай қалдырмайтыны анық. Себебі, онда Ұлболсынның қарадай жанын қинап торыққан сәттері, елпеңдемеген-желпеңдемеген, шынайы да қамқор азаматты аңсағаны, жарқын мінезді, жаны таза адамдардың қатарында болуды қалағанын жазған. Бір тілім қағазға түскен оқшау ой автордың жазу шеберлігінің арқасында көркем сипатталып, одан әрмен әсерлене түскен. Сірә, бұл хатты көзіне жас алмай оқитын оқырман жоқ шығар?!
Бағытынан жаңылып, қиғаштай әлсіреп, құрдымға батып бара жатқан Жантастың өмірін өзгерткен тағы бір жан – Аяужан. Ол қарындасы Базаргүлдің құрбысы, Жантастың бала махаббаты еді. Аяужан кітапта қайсар мінезді, өжет, құрылысшы қыз ретінде сипатталады. Аяужан Жантастың жүрегін тау бұлағындай мөлдірлігімен, өзгеге титімдей жамандық ойламайтын адалдығымен жібітеді. Жантас Аяужанның ішкі дүниесіне үңіле бастағанда өзінің аяулы жарын кездестіргенін түсінеді. Алайда, отау құруға он күн қалғанда Жантас пен Аяужан ғашықтық сынына тап болады. Құрылысшы Аяужан краннан құлап, бел омыртқасынан зақымданып, төсек тартып қалады. Дәрігерлер өмірінің соңына дейін мүгедектіктің арбасына таңылуы мүмкін деп жорамал жасайды. Қол ұстасқан қос ғашыққа мұнан артық сын бар ма? Енді екеуінің де махаббаты, төзімі, бір-біріне деген сезімі сараланбақ. Аяужанның ахуалы түсінікті. Ол қалай болса да Жантасты жарым жолда тастап кетпейді. Ал Жантас ше? Аяужанды ауыр халде жалғыз қалдыра ма екен? Бір жағынан оны күніге көршісі Зулфия «Мүгедек жанмен өмір бойы отырасың ба?» деп азғыратыны бар. Мұндайда Жантас қайтпек керек? Осы уақытқа дейін нағыз махаббатын жолықтырмай келген ол, тағы да ғашығынан айырылып қалардай. Алайда, Жантас Аяужанның арқасында шынайы махаббатты сезінген еді. Аяужан өміріне енген сәтте-ақ Жантастың көңілі жаздай жайнап, өнерде де, өмірде де жолы болды. Сондықтан ол Аяужаннан бас тартпады. Қалай болса да ғашықтық сынынан жұбайымен бірге қол ұстасып өткісі келді. Оның осы сезімі жарымжан жұбайына да жігер берді. Екі ғашық бір-бірін қолдауының арқасында Аяужан алты айдың ішінде аяғынан тік тұрды. Ол бұрынғыдай құрыш қолды құрылысшыға айналды. Жантас болса енді қандай сын кездессе де сүрінбей өтетініне сенімі нығая түсті. Ал сіз ғашықтық сынынан өте алар ма едіңіз?
Романды оқыған оқырман осы сұрақты өз-өзіне еріксіз қояды. Сондай-ақ туынды көпшілікке сезімге селкеу түсірмеуді насихаттайды. Осынау ғаламат дүниеде махаббаттан асқан ұлы сезімнің жоқ екеніне оқырманның көзін жеткізеді. Жігіттерді көрсеқызар болмауға шақырса, қыздарды тән сұлулығынан гөрі, жан сұлулығына назар аударуды насихаттайды.
Тағы бір айта кететін жайт, «Ғашықтар» романында кейіпкердің ішкі сезімі, олардың сыртқы бейнесі шебер суреттеледі. Автор оқиға желісін бір діңгекке байланғандай айналасы теп-тегіс, жұп-жұмыр етіп сипаттайды. Оқырман үшін тілі орамды әрі құнарлы. Аяққа оратылып, басыңды ауыртатын артық сөз кездеспейді. Сондықтан «Ғашықтар» романын оқып көріңіз, оқырман!

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
25 қаңтар 2020 ж. 1 337 0