Махаббат туралы шығарма
Махаббат — адам жанының асыл қасиеті, асқақ мұраты, таным тұғыры, риясыз, ынтық, нәзік сезімі. Батыстық философия тарихында Эмпедокл өзінің космология ілімінде Махаббат бүкіл әлемді ұйымдастырып тұрған бастапқы күш деп білді. Платон оны сезімдік және рухани махаббат деп екіге бөліп қарастырды. Сезімдік махаббат — сұлулыққа сұқтанатын махаббаттың төменгі сатысы, ал рухани махаббат — адамның белсенді танымдық қызметінің қайнар бұлағы деп қарады. Психолог Роберт Стернберг махаббаттың үшқұрамды теориясын алға тарта отырып, оның бірнеше формуласын ұсынады: романтикалық махаббат = құштарлық + ынтықтық, бауырмал махаббат = ынтықтық + адалдық, жасанды махаббат = құштарлық + адалдық. Иә, махаббат сөзіне сансыз анықтамалар айтып, түсіндірмелер берсе де аз болмайды. Себебі, ол – шетсіз, шексіз сезім. Қашан адамның жүрегінен махаббат сезімі өшсе, сол кезде қоғам кері кетіп, ізгіліктен жұрдай болады. Махаббат — өзіңді ғана емес, ең алдымен өзгені сүю, қарапайым тілмен айтсақ, жақсы көру, ұнату. Жаны ашу, мейірбандық, жақсылық істеу, қамқорлық көрсету осыдан шығады. Көкірегін махаббат жайлаған адам — қашанда қайырымдылықпен, әділдікпен, адалдықпен ауылдас отыруға тырысады. Ондай адамның кейде сырты байсал, суықтау көрінуі мүмкін, бірақ іші — нәзік, сезімтал, сергек келеді. Ойынан бұрын сезімі бас көтеретін де кездері бар. “Мұның арты қалай болар екен?” деп ойы тартпақтай бастаса, сезімі ілгері қарай сүйрелейді. Сөйтіп, бұлдыр ойды мөлдір сезім тазалап жуып тұрады. Дүниедегі бар жақсылық махаббатпен жасалады, махаббатпен нұрланады. Өйткені, шын сүйіспеншіліктен туған дүние ғана құнды, сұлу болмақ. Қалай алып қарасақ та, махаббаттың орны орасан екені көрінеді. Махаббат неден басталады? Ол достықтан, өзара түсінушіліктен, жалпы мақсаттардан, қызықтардан, ұмтылыстардан басталады. Ал махаббаттан не басталады? Махаббаттан барлығы басталады: өмір, жұмыс, арман, өнер, батырлық. Сондықтан, махаббат – ең жақсы өмір жағы. Сурет: lenta-ua.net
Massaget.kz