Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Хабар» телеарнасында жаңа телехикая көрерменге жол тартпақ

«Хабар» телеарнасында жаңа телехикая көрерменге жол тартпақ



Махаббат, сезім сергелдеңі, сырға толы өткен өмір. Жуырда «Хабар» телеарнасынан көрсетілетін «Тағы да сүй» телехикаясының оқиға желісі осылай өрбиді. Телехикая сүйген қызы Асылдан қапыда көз жазып қалған Аянның тағдырымен басталады. Уақыт өте келе, жан жарасынан арылған ол Мереймен бас қосады. Бірақ оған деген тағдырдың сыйы таусылмапты. Аян Асылды қайта жолықтырады. Бір қызығы, басты рольде ойнайтын Шалқар Құдайберген – физика мамандығы бойынша білім алып жүрген студент. «Кинодағы тәжірибем өмірлік көзқарастарымның қалыптасуына әсер етті», – дейді ол. Шалқар Құдайберген, студент: – Өзімнің ойымды толық жетілдіре бастадым. Адамға деген сыйластығым арта бастады. Адамгершілігім арта бастады. Үлкенге деген құрметім арта бастады. Кішіге деген кішіпейілдігім арта бастады дегендей. Ең бастысы мен кішкене қысылатынмын адамдардың арасында. Бірақ осы рольден кейін өзгердім. Фильмнің режиссері – көрерменге «Қария» телехикаясымен жақсы таныс Асхат Мұсабай. «Махаббат тақырыбын көрерменге жауыр болған уайым-қайғы арқылы емес, комедиялық жанрмен көрсеткім келді», – дейді ол. Ал әртүрлі локацияда түсірілген кадрлар көрерменге керемет әсер сыйлайды деген сенімде. Асхат Мұсабай, режиссер: – Жастардың махаббаты болғандықтан қызғалдақтар алаңында әуе шарларын ұшыру, жаз болып тұрса да, таудың басына шығу деген секілді, канат жолдарымен жүру, өзен-көл, қайық, жастардың романтиканың атмосферасын барынша беруге тырыстық. Арнайы графистер шақыртып, графика қолданып жатырмыз. Көрерменнің көңілінен шығады деген ойымыз бар. 12 бөлімнен тұратын махаббат хикаясын көрермендер «Хабар» телеарнасынан күзгі маусымда тамашалай алады.

24.kz
31 мамыр 2018 ж. 1 014 0