Павлодарда 11 жастағы Балнұр өз кәсібін бастады. Ол өз қолымен түрлі иіс сабындар жасайды.Балнұр Аманкелді 5 сыныптың оқушысы. Жақында ол өзінің жеке бизнесін бастады. Түрлі пішіндегі иіс сабындарды жасап, сатады. “Демалыс кезінде Алматыға қыдырып барғанда жеңгем иіс сабындарды қалай жасау керек екенін көрсетті. Тез үйреніп кеттім. Алғашында жеңгемнің құралдарын пайдаланып жасап жүрдім. Негізі сабынды өзіме және отбасыма ғана істеймін деп ойлаған едім. Бірақ жасаған жұмыстарымды әлеуметтік желіге салғаннан кейін тапсырыс берушілер көбейіп кетті. Содан кейін өзімнің жеке кәсібімді ашу туралы ойландым. Алғашқы табысымды да таптым. Бірақ тапқан ақшамды әлі ешқайда жұмсамаймын. Осы істі ұлғайтамын. Біраз уақыттан кейін сіңліме кітап пен самокат алып бергім келеді”, – дейді Балнұр. Балнұр қазір мерекелік иіс сабындар дайындап жатыр. 1 сағатта 4 сабын жасай алады екен. “Барды, көрді, үйренді, ойланды, жоспарлады. Енді іске асыруға кірісіп кетті. Тапсырыспен әп-әдемі иіс сабын жасайды. Той-томалақта тарту-таралғыға таптырмайтын тамаша тәбәрік”,- дейді Балнұрдың әкесі.Қызының жасаған жұмысын Фейсбук әлеуметтік желісіне жариялағаннан кейін бір күннің ішінде сексенге жуық тапсырыс түскен. Ал Балнұр қанаты қатайған соң осы саланың қыр-сырымен бөлісіп, құрбыларына шеберлік сабақтарын өткізгісі келеді.