Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » қол өнерін қосымша табыс ЕТКЕн азамат

қол өнерін қосымша табыс ЕТКЕн азамат

– Бесік жасауды кімнен үйрендіңіз?
– Бала кезімнен суретші болсам деп армандайтынмын. Бірақ ол мамандық бойынша оқу орнына түсе алмадым. Атам оюлап мәсі тіккен, әжем тігінші болған. Ал анам бесікке жабу тігетін, қазір жасы жетпісте. Мен өз бетімше портреттер, әр түрлі суреттер салатынмын. Ұсталықпен інім айналысты. Ол жасаған дүниелерді мен бояйтынмын. 1998 жылы еншімді алып, бөлек шықтым. Бір айлықпен отбасымды асырау оңай болмағандықтан қосымша табыс ретінде өзім де бесік, кішкентай сандықтар жасай бастадым.
– Тек тапсырыспен жасайсыз ба, әлде, сіз жасаған бесіктерді орталық базардан алуға бола ма?
– Бұрын базарға апарып сататынмын. Қазір сатып алушылар үйге келеді. Көбіне тапсырыспен жасаймын. Үйде өзімнің ұстаханам бар. Бір бесік жасап қойдым, көрсеңіз болады.
– Ағашты қалай таңдайсыз?
– Мүмкіндігінше, көзсіз ағаштың болғаны жақсы. Іздеп жүріп аламын. Кейде арнайы сол үшін қалаға баруға тура келеді. Бесік жасауға 1 метр жетіп жатыр. Әр барғанымда бірден 6 метр ағаш алып келемін.
– Қазіргі таңда бесіктер қаншалықты сұранысқа ие? Сатып алушылар көп пе?
– Орташа есеппен аптасына бір бесік жасап сатамын.
– Басқа облыстардан тапсырыс берушілер бар ма?
– Өскемен, Алматы, Астана қалаларынан таныстары арқылы тапсырыс беріп жатады. Соңғы рет Ақтөбе қаласының тұрғынына жасап бердім. Мен жасаған бесіктерге ауылда жабу тігетін апам болған, қазір Қызылордаға көшіп кетті. Көбіне сол кісі тапсырыс алып маған айтады, мен бесікті жасап көліктерден салып жіберемін.
– Жасаған бесіктеріңіздің бағасы қанша?
– 2000 жылдары алғаш жасап жүргенде құны 700-800 теңгеден аспайтын. Қазір 15 мың теңге.
– Ұлдарыңыздың қайсысының ұста­лыққа ебі бар?
– Жоқ, балаларымның ептеп сурет салатындары болмаса, қызықпайды. Мен оларды бала кезінен баулымаппын. Бірақ ағаш жонып, көршілердің балтасына сап жасап береді.
– Бір бесік жасау үшін қанша уақытыңыз кетеді?
– Тынымсыз жасасам 2-3 күнде бітіруге болады. Бірақ кейде ауа-райының қолайсыздығына қарай 4-5 күнге дейін созылып кетеді. Бесікті бірнеше рет бояғандықтан, жаңбырлы, суық күндері тез кебе қоймайды. Алғашқы кездері бесікті біршама уақыт болгаркамен жасап жүрдім. Кейін 2003 жылы несие алып, Алматыдан арнайы станок сатып әкелдім. Қазір сонымен жасаймын.
– Бесіктен басқа қандай дүниелер жасайсыз?
– Кішкентай баланың бесігімен алып баратын 50 сантиметрлік сандық жасаймын. Алайда қазір оған сұраныс жоқ, дамыған заманда бәрі гарнитур апаратын болған. Бұрын көп тапсырыс беруші еді. Алушылардың сұранысына қарай оюлап, түрлі суреттер салып беретінмін. Балаларының аттарын жаздырғандар да болған. Одан бөлек гипстен, пластелиннен түрлі дүниелер жасаймын. Оларды мектепте оқушыларыма үйретемін.
–Болашақтағы жоспарларыңыз­бен бөліссеңіз.
– Кәсіпкерлерге арналған арнайы курс оқып, мемлекеттен аз пайызбен несие алғым келеді. Үлкен ұстахана ашып, кәсібімді өркендетсем деймін.
– Бүкпесіз әңгімеңізге рахмет! Жұмысыңызға сәттілік тілейміз.
– Алла разы болсын.
Гүлхан ЯХИЯЕВА.
23 қараша 2017 ж. 1 983 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031