Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Күйеуіңізді бақытты ететін 6 әрекет

Күйеуіңізді бақытты ететін 6 әрекет

Еркектің әйелге деген махаббаты күштi болса, ол еркек тау қопарады. Әйелдiң ерiне деген махаббаты лүпiлдеп тұрса, шаңырағы жайнап, қазаны қайнап тұрады.
Жарыңызды Алланың разылығы үшін жақсы көріңіз
Ешбір еркек әйелдің қазаны мен ошағына, үтігі мен кешкі-түскі асына үйленбейді және ешбір әйел еркектің жұмысы мен көлігіне, ақшасы мен мансабына тұрмысқа шықпайды. Алла Тағала олардың отау көтерудегі мақсатын айқындап берген: «Әрі сендердің тыныштық, тыным тауып орнығуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратуы және араларыңда сүйіспеншілік пен мейірім-жанашырлық пайда етуі де – Оның белгілерінен» («Рум» сүресі, 21-аят). Махаббат пен мейірім – мұғжиза. Яғни, ер мен әйел үнемі «Алла берген сүйіспеншілік, мейірім-жанашырлықты қалай сақтап қаламыз?», «Жарымның тыныштық, тыным табуы үшін не істей аламын?» деген сауалдарға жауап іздеп, тапқанын амалына асыра алғанда ғана отбасы баянды болмақ. Ер мен әйел ең алдымен осы мақсатты айқындап алуы тиіс.
Күйеуін разы еткен әйел Жәннаттық екенін естен шығармаңыз 
Ілгері буынның ізгі ғалымдары: «Егер, қайсыбір әйел күйеуі үшін күнде әтірленетін болса, ерінің көзінше әсем киініп, үнемі оның сүйікті тамағын дайындап, ол жоқ кезде дүние мүлкіне сақ болатын болса, ол әйел күйеуін сиқырлап алады» деген. Бұл – рұқсат етілген әрі ең өтімді әдіс! «Өзіміз ғой, сыртқа шыққанда киінемін, үйде боянуға уақыт жоқ» деу – үлкен ағаттық. Сізді сұлу кейпіңізде көруге лайықты жалғыз жан – жарыңыз. Ер адамдарға бағынушы, ерке, ашық ажарлы, күлімдеген, тәтті, жылы сөзді әйелдер ұнайды. Мұнымен әйел оның жүрегін тұтқынға ала алады. Иә, күн сайын күйеуіңнің алдынан жайнап шығу – ешбір әйелге оңай емес. Әсіресе, отбасылық өмірдің 20 жылын артқа тастаған әпке-жеңгелеріміз үшін үлкен еңбек қажет. Бірақ, егер сізге «жалақысы жоғары жұмыс береміз, алайда, сен пәлен-түген деген істі меңгеру керексің» десе, білегіңізді сыбанып, бабына келгенше үйреніп алушы едіңіз ғой. Ал сізге Алла мен Оның Елшісі (с.а.у.) күйеуіңді разы етсең – мәңгілікке жәннаттық боласың деп уәде беріп қойды. Жәннат – арзан тауар емес. Мұны түсінген әйел күйеуінің есіктен кірген сәтін «мейрам» секілді қабылдап, «Жәннатым кіріп келеді» деп қуана алады деп ойлаймыз. Замандастарымыздың арасында есіктен күйеуінің аяқ киімін шешіп қарсы алатын, оған айтатын әрбір сөзін сағаттар бойы ойланып, көрсететін қылықтарын күн бойы айнаға қарап дайындалатын қаншама әйел бар екенін біле жүріңіз... «Сізді Алла панасына алсын!» деп дұғамен шығарып салып, балалармен бірге қарсы алып, құрмет көрсету кез келген еркекті қуантады.
Жарыңыздың туыстарын сыйлаңыз, олармен жақсы қарым-қатынаста болыңыз
Күйеуіңіздің жақындарымен жақсы қарым-қатынаста болыңыз. Бұл күйеуіңізді қуантады. Сыйлата білгіңіз келсе, сыйлай біліңіз. Менің туысым, сенің туысың демеңіз. Қонақжай болыңыз. Үйге кім келсе де, дереу дастарханыңызды жайып, жылы қабақпен шығарып салыңыз. Жарыңыздың жақындарына үнемі хабарласып тұрыңыз және оларды түрлі сыйлықтармен қуантыңыз.
Ол үшін үнемі дұғада болыңыз
Дұға – ер мен әйелдің ең үлкен қаруы. Жақсы әйелге немесе еркекке ең бірінші жәрдем – Алладан. Күйеуінің көңілін аулағысы келген әйел, әйелінің жүрегін жаулағысы келген еркек Алламен қарым-қатынасын түзеп, алақанын жайсын. Жүрекке Алланың ғана әмірі жүреді. Қос жүрекке махаббат пен мейірімді салатын – Алла! Сондай-ақ, ешбір еркек өзінің сымбаты, мінезі, байлығымен отбасын ұстап тұра алмайды. Ешбір әйел күйеуі үшін ғана жасаған амалдарымен, сұлулығымен мінезімен, дәмді тағамдарымен Жәннатқа жете алмайды. Олардың өміріне ЫҚЫЛАС деген ұлы амал басшылық жасамайынша, жеңіске жеттім деу бекерлік. Яғни, ерлі-зайыптылар барлық амалдарын Алла разылығы үшін жасауы тиіс. Алла сұлулықты жақсы көреді, бір-біріміз үшін сұлуланайық, Алла тазалықты, жаратылыстарының мейірімді болғанын жақсы көреді, біз де соған талпынайық деп сәт сайын ниетті түземек керек. Мұсылман алдымен Алланы жақсы көреді, ал жарын – Алла разылығы үшін жақсы көреді. Амалдарын, ұмтылысын Алла разылығы үшін жасаған адамда ұтылыс жоқ.  
Күйеуіңізге бағыну арқылы өзіңізді биіктетіңіз
Еріне бойсұнған әйел үнемі одан бір саты төмен тұруды өзіне бақыт санайды. Әйел адамның басты асыраушысы, жалпы үйдегі басты адам қашанда ер адам болғаны абзал. Әйел адамның ерінен бір саты төмен тұру керегінің мәні осында. Бұл – отбасындағы барлық мәселенің шешімі әрі ер мен әйел арасындағы байланысты бұзбай ұстап тұратын фактор. Әйел биік болу үшін ғана төмендейді. Ол ақылды әйелге айналған сайын Алланың алдында және ерінің алдында дәрежесі биіктей береді.Ғалымдар әйел үшін Алла мен Оның Елшісінің бұйрығына бағынғаннан кейін күйеуінің алдындағы хақыларын орындағаннан маңызды нәрсе жоқ деген. Әйелдің ерін биіктеткені – жеңілгені емес, керісінше, сол арқылы биіктегені. Бұл биіктік оны әйел бақытына кенелтеді. Бірде Айша анамыз (р.а.) әйелдерге қарап тұрып: «О, әйелдер, сендер өз құқықтарыңды білсеңдер, өздерің шаңға батып жатып, әуелі күйеулеріңнің бетіндегі шаңды сүртер едіңдер» деген екен (Әбу Шейх жеткізген).
Салиқалы әрі сұлу бола біліңіз
Адам баласын, әсіресе, әйел адамын өзге пенделерден ерекшелеп тұратын бір қасиеті – оның мінезі. Жақсы мінез – жан көркі. Адамды кең пейіл, көпшіл ететін де, я болмаса қытымыр, кекшіл ететін де – бойға біткен мінез. Осыны ескерген Бұқар жырау: «Қызда қылық болмаса, құр шырайдан не пайда?» деп, ұрпақ өрбітіп, бесік тербететін болашақ аналарға ең алдымен көркем мінезді болуды насихаттаған. «Көркем мінез» сөзін көп айтамыз. Шын мәнінде көркем мінез дегеніміз не? Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте бір адам Пайғамбарымызға (с.а.у.): «Маған кеңес бер» деп өтінеді. Ол (с.а.у.): «Ашуланба!», – деді. Осыдан кейін әлгі адам өз сұрағын бірнеше рет қайталады. Бірақ Пайғамбарымыз әр жолы: «Ашуланба», – деуден танбады (Бұхари). Яғни, еріне ашу шақырмаған әйел – ең дана әйел. Ешқашан мәселені ашумен емес, ақылмен, сабырмен жеңуді әдетке айналдырыңыз. Сонда ғана айналаңызға, еріңізге, жақындарыңызға жақын болып, алғысын аласыз. Кейбір әйелдер күйеуіне ашуланса, оның жақсы тұстарын ұмытып кетеді. Сөйтіп, күйеуіне ауыр сөздер айтып қоюы мүмкін. Ондай жағдайдың соңы, әрине, жанжалмен аяқталатыны анық. Сондықтан жұбайыңыз ренжіткен, ашуланған сәттерде сабырлылық таныта білген жөн.
islam.kz

17 қараша 2017 ж. 3 616 0