ҚЫЗЫЛОРДА ТӨРІНДЕ – ШИЕЛІ АУДАНЫНЫҢ КҮЗГІ ЖӘРМЕҢКЕСІ
«Алтын күз – 2025» мерекесіне орай бүгін Қызылорда қаласында Шиелі ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі 100-ге жуық жүк көлігімен жеткізілген 169,3 тонна ауыл шаруашылығы өнімі ұсынылып, қала тұрғындары мен қонақтарына мол мүмкіндік жасалды. Барлық өнімдер нарық бағасынан 20–30 пайыз төмен бағада сатылуда. Еңбек мейрамына Шиелі ауданындағы ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары, шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер қатысып, сапалы әрі экологиялық таза өнімдерін ұсынуда. Сауда сөрелерінде ақ күріш, көкөніс пен бақша өнімдері, картоп, ет және сүт өнімдері, бал, сары май, құрт, сөк, талқан және тағы басқа табиғи өнімдер қойылды. Жәрмеңке мақсаты – ауыл еңбеккерлерінің маусымдық еңбегін дәріптеу, жергілікті өнімдердің қолжетімділігін арттыру және тұрғындарды сапалы отандық азық-түлікпен қамтамасыз ету. Мерекелік шараға Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев, сондай-ақ ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстанның Еңбек Ерлері қатысты. Ел ағалары аудан жәрмеңкесін аралап, шиелілік шаруалардың өнімдеріне жоғары баға беріп, ауыл еңбеккерлеріне толайым табыс тіледі. Қала тұрғындары да жәрмеңкенің мазмұнды өтіп жатқанын, өнімдердің сапасы мен бағасының тиімді екенін ерекше атап өтуде.
Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі