Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сезімнің оты сөнбесін

Сезімнің оты сөнбесін

Сары алтын түс. Сағыныш. Жаз бойы жайқалған жасыл желекті әп-сәтте сарғайтып жіберер күз махаббатқа ұқсайды. Сүйдіріп, күйдіріп, сағынышқа малатын сол құрғырды ақын біткен жырға қосып, жазушылар таңды-таңға ұрып, том-том кітап жазардай құдіретін көрмейсің бе? Әсілі, махаббат сол ессіздігімен ерек.
Жанға шуақ, бойға қуат, жүрекке нәр, өмірге сән беретін жақыныңнан жылы сөз естігенде бір күнің қиял әлемінде өтерін нәзік жандылар жақсы біледі. «Тән, жан және ақыл құмарлығы – осы үшеуі біріккенде махаббат болады. Ал тән құмарлығы болмай, жан мен ақыл біріксе, оны достық және сыйластық дейміз. Достық бірнеше адамдардың арасында бола береді, ал махаббат бір ғана адамға бағытталады... «Еркектің тағдырында махаббат ең негізгі нәрсе емес, ал әйел үшін өмір мен махаббат – бір-ақ нәрсе» дейді Байрон әйгілі «Дон Жуан» дастанында. Мен Байронның бұл сөзін өзімше түсінемін. Демек, махаббаттың қадіріне еркектен гөрі әйел жетік. Мұнан да анығырақ айтсам, махаббаттың тұтқасы да, ұйытқысы да – әйел» деп жазады Бексұлтан Нұржекеұлы «Ерлі-зайыптылар» кітабында. Иә, ерке мінезі ерсі қылықты көтере бермейтін қыз көңілі ыстық ықыласты аңсайды. Сүйгеннен бұрын сүйсіндіреді. Ынтызар етеді.
Қыз баланы төрге шығарған ұлтымыз болашақта ел анасы атанарына кәміл сенген. Қазақ қыздары даланың ерке елігіндей бұлаңдап өскен. Нәзік жанды қыздарға қарап, ер-жігіттердің бойына күш-қуат бітеді. Оларды қорғағысы келеді. Батыр атанған қазақ елінің ер-азаматтарын жігерлендіріп отырған осы нәзік жандыларды қорғау ниеті болатын. Өйткені, ер мен әйел әрқашан бірін-бірі толықтырып отырған. Батыс елдерінің бала тумай, қара басының қызығы үшін өмір сүру үрдісі, әйелді ерден жоғары қойып, ерлерге тән қылықтарды насихаттауы біздің дәстүрге кереғар. Бұл қоғамға еш мұқтажсыз еркекшора қыздарды алып келді. Бір хадисте «адамзаттың қай ұлтында, қай дәуірде болмасын, қандай қоғамдық заңдармен әйелдерге түрлі құқық бергенмен, ол Алла берген жаратылыс болмысына сай болмаса, оны бұзады, тағдырын қор етеді» делінген екен. Қазақ қызы әрқашанда еркін сөйлеп, ойын ашық айтқан, оның ішінде тіпті билік еткен әйелдер де болды. Алайда, олар ешқашан да әйелдік болмысын жоғалтпаған. Қазіргі кезге сәйкестендірсек, қыз баланың құқығы ұл баладан еш кем емес, алайда, рухани жағынан әрқашанда нәзік болмысынан айнымауы қажет.
Осы мезетте ғибратты бір әңгіме ойға орала кетті. Өмірде бір бай кісі болыпты. Ол бұл дүниеде қолы жеткен нығыметтерінің баршасына риза болса да, қалап алған жарына көңілі толмаған көрінеді. Бір кездері сүйіп, қалап алған жарының мінезі, жүріс-тұрысы, қонақ күтімі, сөзі мен күлкісі де оның көңіліне жақпай, бір данышпан қарияға жүгінеді. Сонда данышпан «Қыз деген нәзік үміт және аяу­лы сезіммен ғұмыр кешетін нәзік жаратылыс. Олардың жасы қаншаға келсе де, жүректерінде сол бір үлбіреген нәзік сезім мен ер адамға деген қалтқысыз сенімнен құралған бала күнгі бейнесі орнығып қалады. Жүректеріндегі сол «кішкентай қыз» ол ақсамайлы әже болса да, сол балғын, пәк күйінде қала береді. Талғамсыз еркектер әйел жүрегіндегі сол «кішкентай қыздың» бейнесін көре алмай, пұшайман болып өтеді. Әйеліңіз ханшайым болса да, отбасы, ошақ қасындағы күлді-көмеш шаруа әйелі болса да, олардың жүрегінде мәңгілік қартаймайтын қыз бейнесі барын ұмытпаңыз. Талғампаз болсаңыз сол бейнені көре аласыз, көре білсеңіз әйеліңізді мәңгі сүйіп өтесіз. Әйелді аяласаңыз, өміріңіздің қалай нұрға бөленгенін байқамай қалатын нағыз бақытты еркекке айналасыз. Еркек бақытының ережесі осы» депті сабырлы үнімен.
Үй мен түздің тіршілігінен өздеріне көңіл бөлмейтін ерлі-зайыптылар осылайша бір-бірінен алшақтап кетіп жатқанын аудандағы ажырасу факторы да нақтылай түскендей. Жыл басынан бері 180 арыз түсіп, өткен жылмен салыстырған 38 пайызға артқан ажырасу мәселесі сыйластық пен сезімнің жетіспеуінен болса керек. Әйел нәзік жаратылыс десек, еркек темірдей қатаң болмыс иесі. Ал, сол темір мінезді әйелдің ыстық ықыласы жібітеді. Сол секілді әйелді де тек махаббатпен билей алады екен. Сондықтан сезімнің отын сөндірмей сезімдеріңізбен жиі бөлісіңіздер, ерлі-зайыптылар.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ

12 қараша 2019 ж. 673 0