Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘЙЕЛ ЕРІНЕ ҚАРАҒАНДА, ЖЕРГЕ ЕР ҚАРАМАСЫН

ӘЙЕЛ ЕРІНЕ ҚАРАҒАНДА, ЖЕРГЕ ЕР ҚАРАМАСЫН

Бұрынғы қазақ қоғамында «жігітшілік» деп жеңіл қарай салатын, «еркектің ісі» деп кешіріммен қабылдайтын жағдайлар қазір мүлде басқаша қабылданады. Әсіресе ел алдында жүрген, сөзі мен ісіне халық сенетін азаматтар үшін бұл – жауапты кезең.


Әлеуметтік желілердің, жылдам таралатын ақпараттың дәуірінде ер азаматтың бір сәттік қателігі бүкіл жылдар бойы жинаған абыройын әпсәтте төгіп түсуі мүмкін. Шелектеп емес, «бидондап» кеткен беделді қайтып қалпына келтіру оңай емес. Соңғы уақытта қоғамда қызу талқыға түсіп жүрген жағдайлар – соның дәлелі. Қаншама күлкі сыйлап, халық сүйіспеншілігіне бөленген талант Тұрсынбектің шайқалған шаңырағы жұртқа сабақ болуы керек. Ал актер Әділ Ахметовтің жары Айнұрдың әлеуметтік желідегі жазбасы — әйел жүрегіндегі ауыр шындықтың үні. «Мен неге байы бар статусымен жесірдің күйін кешуім керек?» деген жанайқай — еркектерге қойылған қоғамның тікелей сұрағы. Бұл – жай эмоция емес, бүгінгі қоғамның, отбасы институтының шынайы проблемасы.
Еркекті бұзатын үш у
Қ о ғ а м н ы ң а й н а с ы – о н ы ң ер азаматтарының өнегесі мен жауапкершілігінде. Елдің іргесін бекітіп, шаңырағын шайқалтпай ұстайтын да, ұрпаққа үлгі болатын да – ерлер. Алайда бүгінде Бауыржан Момышұлы айтқан «Атақ, ақша, арақ» секілді үш у – талай ердің тағдырын, тұтас отбасының тыныштығын улап отыр. Өнерімен, талантымен халықтың ықыласына бөленген азаматтардың ісі мен сөзі жастар үшін бағдар болуы керек еді. Бірақ өкінішке қарай, танымал тұлғалардың кейбірі сол үш удың жетегінде кетіп, нәпсісін тежей алмай, отбасы, шаңырақ, бала алдындағы жауапкершілікті ұмыт қалдырды. Сахнадан көрген абыройын нәпсіге айырбастап, көптің сенімін сатқан сәттерін ел көріп отыр. Бауыржан Момышұлының: «Атақ, ақша, арақ – осы үшеуі адамды бұзады. Төртіншісі әйел емес. Әйелді де осы үшеу арқылы еркектің өзі бұзады» – деген сөзінде үлкен шындық жатыр. Шынымен де, ер адам ақылмен емес, атақпен масайраса, байлықпен мақтанса, ішімдікпен арын сатқанда – бәрінен айырылады. Ертең ұрпағының алдында бетіне қарай алмайтын күйге түседі. Бүгінгі таңда ата-анаға, жарға, балаға адал болу – батырлық. Еркекке лайық ерлік – жауапкершілікті сезініп, отбасын, ары мен абыройын сақтай білу. Әйтпесе, атақ, ақша кетеді, жалғыздық пен өкініш қалады.
Отбасы – жеке шаруа ма, қоғамдық жауапкершілік пе?
Қазіргі қоғамда отбасы мәселесі – тек екі адамның арасындағы жеке дүние ғана емес, тұтас ұлттың, елдің рухани, моральдық деңгейін көрсететін айнаға айналды. Бір әйелдің көз жасы – қоғамның жарасы, бір ердің күйзелісі – бүтін ұрпақтың тағдырына әсер ететін салмақты мәселе. Кейде «бұл – жеке өмір» деп айналып өтеміз, бірақ отбасылық тұрақтылық – ел тұрақтылығының өлшемі екенін ұмытпаған жөн. Бұрынғы қоғамда партия мен ұжымның моральдық қадағалауы, жаппай сынескертулер қатал көрінгенімен, белгілі бір деңгейде тәртіп пен жауапкершілік сезімін ұстауға ықпал етті. Ал қазір еркіндік пен құқықты алға тартқанмен, жауапкершілік сол дәрежеде артта қалып қойғандай. Соңғы жылдары ажыра - су, сатқындық, опасыздық жайлы тақырыптар көбейді. Журналист ретінде мыңдаған адамның жеке әңгімесіне, өкінішіне, кешіріміне куә болып жүріп түйгеніміз — ешқашан сырттан біржақты баға беруге болмайтыны. Бір жанұяның тағдыры – сан қатпарлы, себеп-салдары тереңде жататын күрделі дүние. Бүгін айырылысып кеткендер ертең қайта қосылып жататын жағдайлар да аз емес. Сондықтан бүгінгі қоғамға керегі – сырттан үкім шығару емес, моральдық тәрбиені, отбасылық құндылықты балабақшадан бастап бойға сіңіру. Ер мен әйелдің өз міндетін, жауапкершілігін сезініп, бір-біріне серік болуын насихаттау. Сонда ғана «бір әйел – шаңырақ, бір ер – тірек» деген түсінік қайта орнығар, бәлкім.
Ердің ісі – елдің үлгісі
Қазақ қоғамында әйел – отбасының ұйытқысы, береке мен мейірімнің иесі. Ер азамат – шаңырақтың егесі, қорғаушысы әрі асыраушысы. Осы екі тірек тең болғанда ғана отбасы берік, қоғам тұрақты болады. Әйелдің еріне қарап, ибалылық пен ізеттілік танытуы – тәрбие мен сыйластықтың белгісі. Алайда одан да биік жауапкершілік ер азаматтың мойнында. Ер адамның жерге қарауы – ол тек ұятқа қалу емес, ұлтының үмітін ақтамау, отбасын қорғауда әлсіздік таныту, азаматтық болмысынан айырылу. Қоғамда түрлі жағдайлар кездеседі: әйелдің күйеуге ие болып, отбасының тірегіне айналып жатуы, ал кей ер азаматтың жауапкершіліктен жалтарып, нәпсіге бой алдыруы. Мұндай кезде отбасы құндылықтары шайқалып, ұрпақ тәрбиесінде олқылықтар пайда болатыны жасырын емес. Ер – елдің тірегі, баланың үлгі тұтар тұлғасы. Ол рухани, экономикалық, әлеуметтік тұрғыда биіктен көрінсе, отбасының да, елдің де бағы ашылады. Әйел ерін сыйлауы – ердің жерге қаратпағанынан, ал ер азаматтың биіктігі – әйелінің алдындағы жауапкершілігінен басталады. Абырой – ең қымбат капитал. Ол атақтан, ақшадан да биік. Ер — сөзінің, ісінің иесі. Қоғам оған қарап түзеледі. Сондықтан ел алдында жүрген азаматтар «жеке өмір – жеке мәселе» деген ұстаныммен емес, «әр ісім – елге үлгі» деген жауапкершілікпен өмір сүрсе — ұрпақ түзелер еді. Жастар кімге қарап бой түзейді? ­Жауап – сіз бен бізге байланысты. Идеал – нәпсіге емес, тәрбиеге қызмет етуі тиіс.

Гүлхан ЯХИЯ
10 қараша 2025 ж. 35 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№86 (9353)

11 қараша 2025 ж.

№85 (9352)

10 қараша 2025 ж.

№84 (9351)

04 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930