Еркекті төрге сүйреп жүрміз бе?
Сыр сүлейі Тұрмағамбет: «Әйел көктен түскен жоқ, ол – еркектің баласы. Еркек жерден шыққан жоқ, әйел – оның анасы» деп ер мен әйелдің бір-бірін толықтырып тұратын жаратылыс иесі екенін айтқан. Иә, еркек пен әйел – бір-бірінің кемшілігін жасырып, жақсылығын асыратын жұмыр басты пенде. Ол екеуінің бірі артық яки кем емес. Алайда, қазақ қоғамында еркек әйелден бір саты жоғары тұрады деген қағида қалыптасқан. Бұл ислам дінінде де бар заңдылық. Жазылмаған заңдылыққа бұрынғы ақ жаулықты аналардың қалай бағынғаны бесенеден белгілі. Әлімсақтан отағасының жолын кеспей, ұл-қыздарына «Әкеңнің жейдесін жерге тастама», «Әкең келе жатыр», «Әкеңнің айтқаны заң» деп тәрбиелеуінің өзі соның дәлелі. Міне, үйде шаруасының шашауын шығармай отырған аналар осылайша ер-азаматтың абыройын асқақтатқан. Ұл мен қыздың алдында ғана емес, бүтіндей бір елдің көзінше оның абыройын аяқ асты етпеген. Қандай жағдай болса да күйеуінің алдына түсіп, «Мен ақша табамын», «Мен үйді асыраймын» деп айтпаған. Өйткені, данагөй апаларымыз «Күреп тапқан әйелдің табысынан, аз да болса еркектің тапқаны артық» деген тәмсілдің түп төркінін түсінген.
Ал қазір ше? Өкініштісі, бүгінде феминизм мен гендерлік саясатты алға тартып кейбір әйелдер ер-жігіттің алтын басын қор қылады. Әуелі феминизм дегенге тоқталайықшы. Бұл терминнің негізгі мағынасы ер мен әйел тең дегенге саяды. Әрине, Батыс елінен енген сөздік. ХІХ ғасырда шет елде пайда болған феминизм жылдар жылжыған сайын қазақ қоғамына да енді. Байқасаңыз, бүгінде әйелдерді кез келген жерден кездестіресіз. Бизнесте, жұмыста, әлеуметтік желіде де әйелдер қауымы белсенді. Осы тұста Зейнеп Ахметованың: «Менің еркектерге жаным ашиды, әйелдерге билігін берді, жұмысын берді, бөркін берді, арағы мен темекісінен де айырылды, қалғаны шалбар еді, оны да шешіп берді. Енді несі қалды әйелдер алмаған?» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Хош. Күйеуіне болысу үшін бір жағынан шығып, мойнындағы жүктің бір бұрышынан көтергісі келетін әйелге айтарымыз жоқ. Бұл қазіргі материалистік қоғамда жат емес. Бірақ табыс тауып, жұмыс істеген әйелдердің ізінше шала бүлініп кететіні қарын ашытады. Кейбір келіншектер: «Мен ақшаны өзім тауып жатырмын. Жігіттерге сенім жоқ», «Еркектердің барлығы бірдей», «Оның қолынан түк келмейді, еркек емес ез» деген сөздерді ойланбастан айта салады. Осылайша жұбайының қадір-қасиетін азайтып, құрметін төмендетеді. Енді өзіңіз ойлап көріңізші, адам үшін ең жайлы орын отбасының өзі ер-азаматты бағаламаса, ол қоғамда қалай жұмыс істейді? Мұндай жағдайда ер адам рухани әлсіреп, өз-өзіне деген сенімділігі төмендемей ме? Содан соң бөріктілердің белсенділігі азайып, қандай да бір іске қолын сілтей қарауы көбейеді. Сайып келгенде еркектің басын төрге де, көрге де сүйрейтін әйел емес пе? Еркек тікелей Тәңірден жаралған. Ол сол үшін де құрметке лайық. Сол үшін еркектің әр ісі берекелі һәм қайырлы болады. Бұл тұрғыда абайтанушы әрі жазушы Омар Жәлелұлының «Бабаларымыз айтқан «еркек Тәңірден жаралған» деген культ қайта келмейінше, біздегі ер адамдардың жауапкершілігі де жоғарыламайды. Мәселен, бүгінде отбасын тастап кететін, балаларына қарамайтын еркектердің көбеюіне олардың қоғамдағы рөлінің әлсіздігі әсер етуде» деген сөзін мысал етпесек болмас. Бұл сөздің астарында әйелге қатысты қаншама ой жатыр. Егер әйел отбасы, ошақ қасында еріне сеніп, оған жігер беріп отырса, еркек жауапкершілікті сезініп, алдына келген алуан түрлі жағдайда әлсіздік танытпас еді. Өйткені, әйел барлық жағдайда ер адамның қорғауында болуы керек. Жас кезінде қыз әкесінің тәрбиесінде болса, тұрмысқа шыққан соң ол үшін күйеуі жауапты. Табиғатында нәзік әйел ер адамның алдында өзін әлсіз сезінгенде ғана еркектердің беделі артып, қандай жұмысты болсын білек сыбана атқарады. Тереңге бармай-ақ, күнделікті үйдегі тірлікті бағамдаңызшы. Соңғы рет қашан еріңізге сенім білдірдіңіз? Оның тапқан аз ақшасының өзін ризашылықпен қабылдадыңыз ба? Ұрысқан сәтте «Сенікі дұрыс» деп өз кінәңізді мойындаған сәтіңіз болды ма? Ұл-қыздарыңызға «Әкең келе жатыр» деген тәлімді бердіңіз бе? Міне, осы сауалдарға іштей жауап беріңізші. Әрине, бір қарағанда бұлардың барлығы түкке тұрмайтын нәрсе көрінуі мүмкін. Бірақ «тамшы тама-тама тас жарады». Адам жаны да тап солай. Сіз күніге ер-азаматқа қолдау білдірудің орнына оны қорлай берсеңіз, күндердің бір күнінде шаңырақтың қалай шайқалғанын аңғармай қаласыз.
Ертеректе «Служебный роман» деген фильмді көрген шығарсыз? Сонда басты кейіпкер лауазымды қызмет атқаратын әйел тұрмысқа шықпай, томаға тұйық әрі қатал болып бейнеленеді. Бір қарағанда шенді қызметтегі әйел бақытты көрінеді. Алайда, ол ешқашан өзін әйел ретінде сезінген емес. Күндердің бір күнінде ғашықтық сезімді кешіп, күрт өзгереді. Өзінің жүрегін жаулаған жігіттің қасында нәзіктік пен әлсіздікке қалай бой алдырғанын байқамайды. Міне, қараңызшы! Ер мен әйел бір-бірін осылайша толықтырады. Кейбір жаулық жапқандар «Еркексіз де қораз шақырып, таң атады» деп айтуы мүмкін. Бірақ еркексіз әйелдің, әйелсіз ердің шаруасы ширақ болмайды. Сол себепті әр әйел ер-азаматтың басын көрге емес, төрге сүйресе игі.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА