Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еркек бақытының ережесі (Ғибратты әңгіме)

Еркек бақытының ережесі (Ғибратты әңгіме)


Өмірде бір бай кісі болыпты. Ол бұл дүниеде қолы жеткен нығыметтерінің баршасына риза болса да, қалап алған жарына көңілі толмапты. Әйелінің мінезі, жүріс-тұрысы, қонақ күтімі, сөзі мен күлкісі де оның қолайына жақпапты.
Бір күні ол данагөй қарттың алдына келіп жүгініпті. Сөзді мұқият тыңдаған дана:
– Ол қызды өзің қалап алдың ба, әрі оның қыз күнінідегі мінез-құлқын білесің бе? – деп сұрапты. Сонда әлгі кісі:
– Иә, өзім сүйіп қосылдым. Қыз күнінде өте сыпайы, салихалы жан еді, кейін өзгеріп кетті. “Қыз күнінде қыздың бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығады?”-дегендейін, соның сырын өзім де білмей басым қатты, – депті. Сонда әлгі дана қарт:
– Балам, Алла тағала адамға ұрпақ силайды, кімге қаласа ұл, кімге қаласа қыз, кімге қаласа екеуін де береді. Ал жаман әйел немесе жаман еркекті адамдардың өздері жасап алады. Әйеліңнің “сүйкімсіз” жанға айналуына сенің өзің кінәлісің. Есіңде болсын әр әйел өзінше бір әлем. Ол әлемді өзіңнің әлеміңдей етемін деп күшке салсаң, оның қалыптасқан жүйесін бүлдіресің. Ал бұзылған жүйеден бір кездегі кереметтерді қайтадан күту әбестік болар, – депті. Сөздің мәнісін түсінген әлгі адам сана таразысына салып, өзінің әйелі алдындағы жауапкершілігін әділ әрі толық өтей алмағандығы үшін әйелін өзіне қарсы қойып алғандығын, соның нәтижесінде оның “сүйкімсіз” жанға айналып кеткенін ұғып: “Жақсы жерге келген келін – келін, жаман жерге түскен келін – келсап”-деген халық даналығының мәніне бойлап, іштей қатты өкініпті. Кетерінде дана ақсақалдан:
– Енді не істесем оң болар еді?-деп кеңес сұрапты. Сонда данышпан:
– Балам, еркек кіндіктінің қашанда есінде жүретін бір ережесі бар. Соны ұмытпасаң алдағы күндеріңде әйелің көзіңе “сүйкімді” бола бастайды. Қыз деген нәзік үміт пен аяулы сезіммен ғұмыр кешетін нәзік жаратылыс. Олардың жасы қаншаға келсе де, жүректерінде сол бір үлбіреген нәзік сезім мен ер адамға деген қалтқысыз сенімнен құралған бала күнгі бейнесі орнығып қалады. Жүректеріндегі сол “кішкентай қыз” ол ақсамайлы әже болса да, сол балғын, пәк күйінде қала береді. Талғамсыз еркектер әйел жүрегіндегі сол “кішкентай қыздың” бейнесін көре алмай, пұшайман болып өтеді. Әйеліңіз ханышайым болса да, от басы, ошақ қасындағы күлді-көмеш шаруа әйелі болса да, олардың жүрегінде мәңгілік қартаймайтын қыз бейнесі барын ұмытпаңыз. Талғампаз болсаңыз сол бейнені көре аласыз, көре білсеңіз әйеліңізді мәңгі сүйіп өтесіз. Әйелді аяласаңыз өміріңіздің қалай нұрға бөленгенін байқамай қалатын нағыз бақытты еркекке айналасыз. Еркек бақытының ережесі осы-депті сабырлы үнімен.
 
Қастер Сарқытқан

Абай ат. ҚазҰПУ, Елтану және туризм кафедрасы доценті
11 қараша 2018 ж. 1 192 0