Кіші ұлдың жауабы көпті тәнті етті
Ертеде бір данышпан өмір сүріп, оның үш ұлы, бір қызы болыпты. Қызы да, ұлдары да ақылды болып, ер жетіпті. Айдан ай, жылдан жыл өтеді. Әкесі әбден қартаяды. Күндердің бір күнінде шал ұйықтай алмай дөңбекши береді. Мұны сезген кемпірі мен қызы:
– Сізге не болды, бір жеріңіз ауырып жүр ме, жоқ әлде алыс жүрген балаларыңызды сағынып жүрсіз бе?– дейді.
– Иә, сағындым. Оның үстіне бір арманым ішімде кетіп барады.
Сонда қызы әкесінің алдына келіп:
– Арманыңызды айтыңыз, мүмкін көмегіміз тиіп қалар,– дейді.
Шал айтады:
– Ешқандай құпия жоқ. Менің үш ұлымның үшеуі де ақылды. Сонда да біреуінің ақылы артығырақ болуға тиісті. Соны білу менің арманым:
Қызы сәл ойланып:
– Ой, әке, осыған да қиналасыз ба? Қыдырып барып балаларыңызды сынап келіңіз,— деп, қыз бен кемпір жол қамына кіріседі.
Азығын, сусынын дайындап, атын ерттеп беріп жолға салып жібереді. Аз жүрді ме, көп жүрді ме, кім білсін. Бір күні үлкен ұлына жетеді. Баласы зор құрметпен қарсы алып, қолынан келгенінше сыйлайды. Екі-үш күн жатып мауқын басып, төртінші күні қайтпақшы болады. Баласы тағы да қой алдырып сойғызады. Тамақ піседі, етін қазаннан түсіріп қойып, нанын салып жатқанда, шал баласына қарап:
– Қарағым, ана етіңнің жақсы жерінен бір кесіп берші, – дейді. Ұлы жақсы жері дәуде болса санның еті шығар деп, сан етінен кесіп береді. Шал аздап ауыз тиіп, қойып қояды.
– Балам, енді жаман жерінен бір кесіп берші,– дейді. «Еттің де жаман жері бола ма?»– деп ұлы сәл ойланып тұрып, жаман жері дегені тіс өтпейтін сіңір шығар деп сіңірден кесіп береді. Сіңірді алып, аздап ауыз тиеді. Артынша тамақ та келеді. Тамағын жеп, сыйына риза болып, ел-жұртпен, баласымен қоштасып қайтады.
Данышпан жүріп отырып, екінші ұлына келеді. Екінші ұлы да зор құрметпен қарсы алып сыйлайды. Әкесі қайтар күні бірінші ұлына қойған сауалын қояды. Екінші ұлы да бірінші ұлының істегенін қайталайды. Екінші ұлына да риза болып, қайтады. Ол енді үшінші ұлына келеді. Үшінші ұлы да зор құрметпен қарсы алып, сыйлайды. Қайтар күні екі ұлына қойған сауалын кіші ұлына да қояды. Сонда кіші ұлы мұнда бір сыр бар шығар деп ойлайды. Сосын бастың тілінен кесіп береді.
– Балам, енді жаман жерінен бір кесіп берші? – дейді. Баласы тағы да тілден кесіп береді. Сонда әкесі тұрып:
– Балам, мұның қалай, жақсы жерінен кесіп бер десем тілінен кесіп бердің, жаман жерінен десем тағы да тілінен бердің,— дейді. Сонда баласы:
– Ой, әке-ай, сіздің сынап отырғаныңызды біліп тұрмын. Жақсы да, жаман да, ұрыс та, керіс те, өсек те, бәрі де осы тілден шығады. Екі елі ауызға төрт елі қақпақ дегендей, әр адам өз тіліне сақ болса, еш уақытта ұрыс-керіс болмас еді. Басқа пәле тілден,– деген екен. Қарт үшінші ұлының ақылдылығына өте риза болып қайтады.