Цифрландыру дәуірінде балалардың көзін қалай қорғауға болады?
Қазіргі заманда гаджеттер біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Смартфондар, планшеттер, компьютерлер оқу, жұмыс және демалыс үшін пайдаланылады. Алайда сандық құрылғыларды шамадан тыс немесе дұрыс пайдаланбау тек көру қабілетіне ғана емес, жалпы дамуға да кері әсер етуі мүмкін. Бұл туралы офтальмолог дәрігер Айбек Ерғали Egemen.kz тілшісіне айтып берді. Маманның сөзінше, балалар гаджетті қолданғанда режимді қатаң сақтау қажет. Әсіресе қараңғыда немесе ұйықтар алдында телефон ұстауға қатаң тыйым салынуы тиіс. Дәрігер атап өткендей, гаджетті шамадан тыс және бақылаусыз қолдану баланың психоэмоциялық және тілдік дамуына кері әсер етіп, «цифрлық аутизм» деп аталатын құбылысқа да әкелуі мүмкін. Сондықтан экран алдында өткізілетін уақытты шектеу өте маңызды. Мысалы, мектепке дейінгі балалар үшін телефон көру уақыты 15-20 минуттан аспау керек. Мектеп оқушылары үшін бұл уақыт 30-40 минутқа дейін болуы мүмкін, әр көру жүктемесінен кейін 5-10 минут үзіліс жасау қажет. Үзіліс кезінде экранға емес, алысқа қараған дұрыс. Көзден кітапқа немесе экранға дейінгі қашықтық кемінде 30-35 см болуы тиіс. Сонымен қатар үстелде дұрыс отыру қалпын сақтау маңызды. Балалардың көру қабілетін сақтау үшін дұрыс тамақтану да маңызды. Әсіресе А дәрумені бар тағамдар пайдалы: сәбіз, асқабақ, өрік, шпинат, брокколи, жұмыртқа, бауыр, балық және балық майы. Сондай-ақ C, E дәрумендері және омега-3 май қышқылдары да маңызды.
Күндізгі серуендеу де көздің көру қабілетін қорғауда шешуші рөл атқарады. Тәуліктің күндізгі уақытында күн сайын кемінде 2 сағат далада болу балалардың миопияның дамуы қаупін едәуір төмендетеді. Табиғи күн сәулесі көру қабілетін дұрыс қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар құрғақ көз синдромының алдын алу үшін, әсіресе сабақты көбіне гаджет арқылы оқитын оқушыларға көзді ылғалдандыратын тамшылар қолдану ұсынылады. Маман балаларға «20-20-20» ережесін сақтау маңызды екенін ескертеді: әр 20 минут сайын 20 секунд үзіліс жасап, шамамен 6 метр қашықтықтағы нысанға қарау қажет. Алайда балалар бұл ережені жиі сақтамайды, сондықтан миопия дамуы мүмкін.
Миопия дегеніміз − адамның жақын орналасқан заттарды жақсы көруі, мұндайда адам алыстағы нысандарды анық ажырата алмайды.
«Балаларды үйде отырғыза бермей, далаға шығарып серуендету керек. Табиғи жарық пен ашық кеңістік көздің дұрыс дамуына ықпал етеді. Негізінен адамның көзі туғаннан жеті жасқа дейін қарқынды өседі. Осы кезеңде баланың назарын телефонға емес, далаға, жазық кеңістікке аудару дұрыс», дейді офтальмолог.
Қорыта айтқанда, балалардың көру жүйесінің саулығы көбінесе өмір салтына байланысты. Дұрыс көру режимі, гаджеттерді шектеу, көзге арналған гимнастика, дұрыс тамақтану, серуендеу және офтальмологқа уақтылы бару көптеген жылдар бойы жақсы көруді сақтауға көмектеседі.







