Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АЛДЫҢҒЫ БУЫН АРДАГЕРЛЕР

АЛДЫҢҒЫ БУЫН АРДАГЕРЛЕР

Қазақ халқында «үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген ұлағатты ұғым бар. Бұл – тек сөз емес, ұлттың болмысымен біте қайнасқан өмірлік қағида. Ардагерлерге тағзым ету, олардың маңдай термен келген еңбегін дәріптеу – кейінгі буынның парызы. Себебі өткеннің өнегесі – бүгіннің бағыты, ал сол жолды салып кеткен аға буын – ел дамуының үнсіз қаһармандары. Биыл құрылғанына 20 жыл толып отырған «KAP Logistics» ЖШС-нің мерейтойы – осының айқын дәлелі. 20 жыл – жай ғана уақыт белесі емес, бұл – табанды еңбектің, тынымсыз тірліктің, ұжымдық бірліктің жемісі. Осындай айтулы кезеңде сала ардагерлерінің еңбек жолына үңілу – өткенге тағзым, бүгінге тағылым болары анық.Солардың бірі – көлік-логистика саласында өзіндік із қалдырған Бейсен Қасиетұлы. Ол еңбек жолын қарапайым қызметтен ­бастап, қажырлы еңбегі мен кәсіби біліктілігінің арқасында филиал директоры деңгейіне дейін көтерілген жан. Бұл – табандылық пен адалдықтың, жауапкершілік пен сенімнің жарқын көрінісі.
– «KAP Logistics» ЖШС-і «Шиелі-Сұңқар» филиалында жұмыс атқарған жылдар мен үшін де, ұжым үшін де үлкен жауапкершілік кезеңі болды. Мекеме жаңа даму сатысына қадам басып, өндірістік және көлік-логистикалық қызметтерді жүйелеу басты мақсат болды. Біз жол-көлік инфрақұрылымын жақсартып, қызмет сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлдік. Сол арқылы кәсіпорын тұрақты дамуға бет алды. Өндірістік базаны нығайтып, автопарк пен техникалық мүмкіндіктерді кеңейттік. Жүк тасымалының көлемі артты, қызмет көрсету сапасы жақсарды, – дейді сала ардагері.
2006 жылы «Шиелі-Сұңқар» филиалына директор болып тағайындалуы – Бейсен Қасиетұлы үшін үлкен сын мен сенім жүгін арқалатқан кезең еді. Себебі дәл сол тұста филиалдың іргесі енді қаланып, даму бағыты айқындалып жатқан болатын. Ал негізгі міндет – уран өндіруші кәсіпорындарға сапалы логистикалық қызмет көрсету, тасымал ісін тиімді ұйымдастыру болатын. Мұндай жауапты кезеңде ол бар күш-жігерін, білім-біліктілігін ортақ іске жұмсай білді.
Нәтиже де көп күттірмеді. Жүйелі жұмыстың арқасында филиалдың қызметі қарқын алып, өндірістік база нығая түсті. Жол-көлік инфрақұрылымы жетілдіріліп, автопарк кеңейді. Жүк тасымалының көлемі артып, қызмет сапасы жаңа деңгейге көтерілді. Ең бастысы – ұжымда тәртіп пен қауіпсіздік мәдениеті қалыптасып, кадрлардың кәсіби деңгейі артты. Филиал қызметі тек тасымалмен шектелмей, қоймалау мен логистикалық өңдеу бағыттарын да қамтып, кешенді жүйеге айналды. Бұл – ұжымның үйлесімді еңбегінің, басшылықтың көреген саясатының нәтижесі еді.
Шынында да, «KAP Logistics» ЖШС бүгінгі күні көлік-логистика саласында өзіндік орны бар, сенімді серіктес ретінде танылған іргелі ұйымға айналды. Ал бұл жетістіктің артында әр жылдары еңбек еткен ардагерлердің маңдай тері, қажырлы еңбегі жатыр.
Мерейтой – өткенді саралап, жеткен жетістікті бағалайтын, болашаққа жаңа серпін беретін сәт. Осындай маңызды кезеңде сала ардагерлерінің еңбегін ұлықтау – ұрпақ сабақтастығының айқын белгісі.
– Ұжымды мерейлі 20 жылдықпен құттықтай отырып, әр қызметкерге мықты денсаулық, отбасына амандық, еңбегіне табыс тілеймін. Бірлігі жарасқан мекеменің алар асуы әлі де биік болғай, – деп сөзін түйіндеді алдыңғы буын ардагер.

Әйел – өмірдің сәні, тіршіліктің тірегі, еңбек пен мейірімнің символы. Бүгінде олардың қолы тимеген бірде-бір сала жоқ: өндірісте де, ауыл шаруашылығында да, құрылыс алаңында да, білім мен медицинада да – қай жерде болсын, әйелдер қажырлы еңбегімен елге үлгі болуда. Әйел адамның түрлі салада табысты еңбек етуі – ерік-жігер мен қажыр-қайраттың көрінісі.
Осындай қайсар жанның бірі – Нина Ивановна. Ол ерлермен қатар иық тіресіп, атом саласында 35 жыл бойы еңбек етті. Көпшілік бұл саланы ер-азаматтарға тән деп қабылдайды.
Бойындағы сұлулығын болаттай мықты, қатулы да қажырлы еңбекті талап ететін салаға салу екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік десек те артық емес. Халқымыздың «Әйел қырық жанды» дегені тегін айтылмаса керек. Бұл жолда темірдей төзімділік, ерен еңбек, қажырлы қайрат қажет. Нина Ивановна өзінің нәзіктігіне қарамастан, мойымас рух пен қайсарлықтың үлгісін көрсетіп келді.
Нина Ивановна мезгілдің ыстық-суығына қарамай 1987 жылдан бастап жанар-жағармай құю бекетінде 2022 жылға дейін еңбек етіп, зейнет жасына шықты. Ол жұмыс істеген жылдары өзінің міндетін мүлтіксіз атқарып, нақты еңбектің үлгісін көрсете білді дейді әріптестері. Ардагердің үйіне барған сәтте оның жаны ұқыптылықты, тазылықты сүйетінін бірден аңғардық. Есік алдында түрлі жеміс ағаштары жайқалып өсіп, айналасы гүлзар баққа айналған.
– Мен «KAP Logistics» ЖШС-і «Шиелі-Сұңқар» филиалында жұмыс атқарғанымды әрдайым мақтан тұтамын. Әр қозғалысым – есеп, әр сәтім – жауапкершілік. Дегенмен, мен осы қиындықтарға мойынсұнбай, өзіме берілген міндеттерді сапалы әрі тиянақты орындауға тырыстым. Үнемі атқарған ісімнен ләззат алып, өз жұмысымның жақсы нәтижемен аяқталуына бар күшімді салдым. Қазір құрметті зейнеттемін. Филиалдың басшылығына үлкен алғысымды айтамын. Ардагерлерді үнемі ескеріп отырады.
Ұжымда 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Жұмыстарыңызға сәттілік, аз шығын мен қомақты табыс тілеймін. Әр бастамаларыңыз оң нәтиже бере берсін. Ұжымның әрбір мүшесі жұмыста нәтижелі, өмірде бақытты болсын, – дейді сала ардагері.


Жер бетіндегі әрбір халықтың бойында оны өзгелерден даралап тұратын, өзіне ғана тән қасиеттері болады. Біздің халқымыздың сондай ерекше асыл қасиеттерінің бірі – үлкенді сыйлай отырып, оның сөзіне құлақ асу, кішіпейілділік таныту, құрмет көрсету. Ел мүддесін биік қоятын, өзінен кейінгі ұрпағына ұлылығын ұялатып, бүгінде адал бейнеттің тәтті зейнетін көріп отырған сала ардагері – Қожахмет Нұрмантайұлы.
Ол 1983 жылы әскерден оралған соң, «РУ-6» мекемесінің төртінші автошаруашылығы бөліміне көлік жөндеуші болып жұмысқа орналасады. Осы жылдары табанды еңбегінің арқасында шеберхана меңгерушісі, автошаруашылықтың бас инженері, автошаруашылықтың бастығы сияқты түрлі жауапты қызметтерді абыроймен атқарады. Ал 2020 жылдан ­бастап, 2025 жылдың наурыз айына дейін «KAP Logistics» ЖШС «Шиелі-Сұңқар» филиалы директорының Өндіріс жөніндегі орынбасары болып, мәртебелі зейнет жасына шығады.
Қожахмет Нұрмантайұлы осы салада 42 жыл бойы тер төгіп, ыстығы мен суығын көріп, компанияның ілгері жылжуына едәуір үлес қосқан ардагер. Бүгінде зейнет жасына жетсе де, филиал жұмыскерлерімен тығыз байланыста болып, жаңа буын өкілдеріне қажет кезінде өзінің ақыл-кеңесін айтып отырады. Сондай-ақ ұйымдастырылған іс-шараларға қатысып, басы-қасынан табылып жүр.
– Бұл мекеме бізге қашанда ыстық, туған үйіміздей болып кеткен. Осында тәжірибе жинадық, үйрендік, білімімізді шыңдадық. Қазіргі жас буынға әрдайым қолдау білдіруге дайынбыз. Осы тұста сала ардагерлерін және бүгінде күн-түн демей компанияның алға жылжуына сүбелі үлес қосып келе жатқан ұжым қызметкерлерін 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Жұмыстарыңызға табыс, еңбектеріңізге жеміс тілеймін!, – деді Қожахмет Нұрмантайұлы.

Мейіржан ИБРАГИМОВ


15 сәуір 2026 ж. 31 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№27 (9394)

14 сәуір 2026 ж.

№26 (9393)

11 сәуір 2026 ж.

№25 (9392)

07 сәуір 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930