Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ ҰСТАЗДАР

ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ ҰСТАЗДАР

«Азаматын ардақтаған ел азбайды» дейді халық даналығы. Бұл – өткенге тағзым, бүгінге құрмет, ертеңге сенімнің алтын арқауы. Кеше аудан әкімі Айтбай Жандарбековтің білім саласының ардагерлерімен жүздесуі осы сөздің өміршеңдігін тағы бір мәрте айқындап берді.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен бұл басқосу бір ғана ресми шара емес, нағыз рухани сабаққа айналды. Себебі елдің болашағын тәрбиелеген ұстаздардың еңбегін бағалау – қоғамның өркениеттілігінің көрсеткіші.
Әкім өз сөзінде батыр Бауыржан Момышұлының «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» деген ұлағатты ойын еске салып, ұстаздықтың қоғамдағы орнын айрықша атап өтті.
Жиын барысында бірнеше ардагер ұстаздың көп жылғы қажырлы еңбегі еленіп, оларға облыс және аудан әкімдерінің Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталары табыс етілді. Олардың қатарында 40 жылға жуық ғұмырын мектеп қабырғасында өткізіп, талай буынға жол ашқан, №149 Ә.Монтаев атындағы мектептің ұзақ жылдар директоры болған білім майталманы – Сейітхан Тұрысбекұлы, ағылшын тілін үйретуде шәкірттердің бойына білім дәнін еккен тәжірибелі маман – Жақсыгүл Сыздықова, №152 орта мектепте білімнің күрделі саласын жастар жүрегіне ұялатып, бар ғұмырын арнаған жан – Зияхан Бәкірқызы, бастауыш сынып мұғалімі, талай бүлдіршінге алғаш әріп танытып, оқудың даңғыл жолына бастаған ардагер ұстаз – Баян Бектұрсынқызы.
Бұл есімдердің әрқайсысы – аудан тарихының бір-бір парағы. Олардың өмір жолы, адалдығы, шәкіртке деген махаббаты – жас мұғалімдер үшін үлкен үлгі.
Кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил мен аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қаблеш Бекіш те жылы лебізін білдіріп, ардагер ұстаздардың қоғамдағы рөліне тоқталды. Осы тұста ұрпақтар сабақтастығының, қоғамның ұстаз еңбегіне деген биік құрметінің көрінісін көре аламыз.
Ұстаздық еңбек – көзге көрінбейтін, бірақ жүрекке мәңгілік із қалдыратын ұлы қызмет. Оқулықтағы әріптен бастап, өмірлік құндылықтарға дейін шәкірт санасына сіңіретін жан – мұғалім. Осы кездесудің мәні – тек марапаттау емес, жастарға ұстазға деген ықыласты насихаттау, «Еңбек – елдің қадірлі мұрасы» деген ойды ұғындыру.
Басқосу – ардагерлердің ақ батасы мен өмірлік тәжірибесін бағалау ғана емес, жас буынға жол сілтейтін тағылымды тағзым. Өйткені, өркениет ұстаздан басталады. Ұрпаққа білім мен тәрбие берген әрбір ұстаз – елдің тарихына, болашағына өлшеусіз үлес қосқан тұлға.

С.МАДИЯРОВА
03 қыркүйек 2025 ж. 39 0

Қоғам

ӘДІЛЕТТІҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ
03 қыркүйек 2025 ж. 34

PDF нұсқалар мұрағаты

№66 (9333)

03 қыркүйек 2025 ж.

№65 (9332)

30 тамыз 2025 ж.

№64 (9331)

26 тамыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930