Мәңгілік елдің мәртебелі маманы
«Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақты ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз». Мұғалімнің қадірі туралы қазақтың данагөй батыры Бауыржан Момышұлы осылай айтқан еді.
Ал дәл қазір педагог қоғамда тиісті мәртебеге ие еместігі белгілі. Бұл мәселені Елбасы да көтеріп, ұстаз мәртебесін айқындауды міндеттеген болатын.Ал биылғы тамыз конференциясына қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың жалақысын арттырып, олардың жүктемесін азайтуды тапсырды. Қазіргі таңда осы міндеттерге негізделген педагог мәртебесі туралы заң жобасы әзірленіп те үлгерді. Бұрын «Білім туралы» заңның бір тармағы ғана болған «мұғалім мәртебесі» деген сөзді мемлекет деңгейінде көтеріп отырған алғашқы құжат осы.
Әлемдегі әрбір пенде ананың ақ сүтінен қалай нәр алған болса, дәл солай кез келген адам да ұстаздан тәлім алады. Дана боп туған ғалымдар, дара боп туған дарындар, асыл боп туған ақындар, алып боп туған батырлар – барлығы да ұстаздарының ұлықтығынан үлгі алуларының арқасында жетістікке қол жеткізген. Осы себепті болса керек әлемнің қай бұрышында да ұстаздарды қошеметпен құрметтеп, адалдықпен ардақтап жатады.
Расында, Мұхтар Әуезов айтпақшы, ұстаз деген қандай ұлы есім еді? Ұрпақты тәрбиелейтін осы ұлылар емес пе?! Елді бастар болашақ басшыны да, күміс көмей әншіні де, аузынан бал тамған ақынды да, еңбек сүйген егіншіні де тәрбиелейтін ұстаз. Мұғалім – мамандық болса, ұстаздық – адам бойындағы ұлы қасиет. Ұстаз мәртебесінің артуы ең алдымен ұстаз деген есімге қаншалықты лайық болуына байланысты. Бүгінгі жаңа дәуірдің, жаңарған білімнің мұғалімге қояр талабының жүгі ауыр. Соған лайық болу үшін үлгі боларлық бар жақсылық атаулының ең биігінен көрінуге тиіспіз. «Жақсы адам – Алланың нұры» дейді. Жақсылық атаулыны ішкі жан дүниесімен қабылдап, өз бойындағы сезімді, берік қалыптасқан көзқарасты оқушы бойына дарыта білетін, өз бойындағы жасампаздық пен шығармашылық, өз-өзіне сенімділік пен сабырлылық, табандылық пен төзімділік сияқты мінез-құлық ерекшеліктерімен, сондай-ақ өзгелерге қолдау көрсете білетін, жылы жүрегімен жақсылық сәулесін шашып, мейірім шуағын төгіп тұратын ұстаздың бірі – Жөлек ауылындағы №152 мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ардақ Құрманаева.
Елеулі еңбек қашанда ескерусіз қалмайды. Білім саласындағы жемісті еңбегі үшін «Ұлағатты ұстаз», «Құрмет» төсбелілерімен, облыс және аудан әкімінің «Құрмет» грамоталарымен, білім басқармасы басшысының алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталды.
Ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланған Ардақ Бақытжанқызы жайлы ерекше ілтипатпен айтуға болады. Ол – ұлағатты ұстаз, білікті басшы. Себебі, ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын болашақ буындарды оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнап келеді. Өз ісіне берілген, шәкірттің жанына нұр қия білген, ұстаздардың әрқайсысының тілін тауып, жас мамандарды өз ісінің мықты маманы етіп пышақтың өткір жүзіндей қылып қайрай білген А.Құрманаеваның өмірі – болашақ үшін үлкен өнеге.
Ол 1973 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1990 жылы Алматы қаласындағы №2 қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатын аяқтаған ол сол жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің филология факультетіне қабылданады.1994-1999 жылдары аталған оқу орнында аспирантураны тәмамдайды. Жоғары оқу орнын үздік аяқтаған жас маман алғаш еңбек жолын 2003 жылы №152 мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастайды. «Жас келсе – іске» дегендей, аз ғана уақытта жас маман аталмыш мектепте мұғалімдік мамандықтың қыр-сырын әріптестерінен үйреніп, жан-жақты түсініп, ұжым ортасында беделді бола білді. Сондықтан да болар көп ұзамай-ақ директордың ғылыми-әдістемелік істер жөніндегі, кейіннен бағдарлы оқыту жөніндегі орынбасары қызметтеріне тағайындалды. Ал 2012 жылдан бастап оқу ісі жөніндегі орынбасары лауазымын абыроймен атқарып келеді.
Иә, «Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады» демекші, білікті басшы, ұжым мақтанышы, тәжірибелі ұстаз Ардақ Құрманаева өзі басқаратын ұжымды тек биік белестерге жетелеп келе жатқанын ерекше атап өткеніміз жөн. Сондықтан білім сапасының артуына өз үлесін қосып, талай жыл талмай-қажымай еңбек етіп келе жатқан ол кісінің өз тұғырынан түспей, әлі де біраз белесті бағындыра беретініне сеніміміз мол.
Меруерт Ералиева