Жүректерге сенім ұялатқан мәртебе

Д.Насибеков, аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары:
– Мұғалім мәртебесін көтеретін заң не үшін керек? Әрине, елдің болашағы үшін, келешек жас ұрпақ үшін! Заңды жүзеге асыру үшін мықты маман керек. Бұл да ойланатын мәселенің бірі. Еліміздегі педагог кадрлардың жағдайы қандай? Мұғалім мәртебесі – ел мәртебесі. Олай болса, біздің мұғалімдеріміз білікті болуы қажет. Педагог мәртебесі туралы заңда ең негізгі мәселелер – ұстаздың міндеті, ұстаздың құқы, ұстаздың статусы, мектеп директорлары мен олардың орынбасарларының міндеті, білім бөлімі әдіскерлері мен басшыларының міндеті, әр дәрежелі білім саласындағы мекемелердің жеке құқы мен міндеттері, педагогтың жұмысқа қабылдануы, жүктеменің ең аз, ең көп нормасы, жұмыстан шығарылу ережелері, мұғалімдік санаттың жоғарылатып отыру, қайта даярлаудан өтудің нормалары толық ескерілуі керек деп санаймын, – дейді ол.
М.Керімбекова, №48 Ә.Қоңыратбаев атындағы қазақ орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
– Аталған заңда ата-ана мен мұғалімнің, оқушының құқығы туралы да арнайы бап болса екен. Әйтпесе, әр ата-ананың ұстазды қоғам алдында масқаралап, үстінен арыз жазып, сотқа сүйреп жүретіні де көңілге қаяу салады. Дамыған елдерде мұның бірі де жоқ. Ал, бізде әлі де осы жағы кемшін түсуде. Бір сөзбен айтсақ, мұғалім беделі – елдің беделі. Мұғалім мәртебесін арттыру арқылы білім саласындағы көптеген түйінді мәселені шешуге болады. Әлеуметтік желіден қарап отырсаңыздар, кейбір ата-аналар балалары түсіріп әкелген телефондағы мұғалім беделін төмендететін бейнежазбаларды желіге салып жібереді. Ата-ана мұғалім беделін көтеруге мүдделі екенін ұмытпауы тиіс, сондықтан, ата-аналарға арнайы талап қойылуы керек. Дамыған елдерде осындай тәжірибе бар, – дейді ұстаз.
Қоғамда мұғалім мәртебесі туралы мәселенің жиі көтерілуі сондықтан да болар. Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы Ы.Алтынсарин: «Мұғалім – білім берудегі ең маңызды адам. Ең озық педагогикалық оқу құралдары, үкімет қаулылары, өте қатал инспекторлық бақылау маңызы жағынан мұғалім дәрежесімен теңесе алмайды. Сондықтан, мен үшін мұғалім әлемдегі барлық асыл заттардан қымбат», – депті мұғалімнің адами болмысына баса мән бере. Біздің тілек, мұндай мінездемеге бүгінгінің барлық мұғалімі сай болса екен.
Жұлдызай Ноғайбайқызы.