Ұстаздар мәртебесі артады
Елбасының жыл сайынғы Жолдаулары – еліміздің дамуы мен өркендеу жолдарын белгілейтін маңызды құжат. Өмір заңы даму, ілгерілеу болса, Мемлекет басшысы сол ресми құжатта Қазақстанның қалай дамып, ілгерілеуін нақты тапсырмалармен айқындап береді. Биыл да Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты дәстүрлі Жолдауында айқындалған жаңа бағыттар мен міндеттер еліміздегі ауқымды істер мен тың қозғалыстардың бастауы болмақ.
«Еліміздің әрбір азаматы – Қазақстанның басты байлығы» екенін Елбасы ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Биылғы Жолдаудың әлеуметтік салаға басымдық беруі де құндылықтың маңызы айрықша екенін көрсетті. Сондай-ақ, Жолдауда жарияланған барлық бастамалар миллиондаған қазақстандықтардың өмірін жақсы жаққа қарай өзгертері сөзсіз. Әсіресе, ұстаздар қауымының мәртебесі туралы арнайы заң қабылданатыны туралы жаңалық бізді қатты қуантып отыр. Өйткені, адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің барлығы – білім, оқу мен тоқу арқылы жасалған.
Өздеріңізге белгілі, елімізде жаңартылған білім мазмұнына көшу жұмыстары қолға алынған болатын. Осыған орай бүгінде педагогтар орта білім беру мазмұнын жаңарту аясындағы біліктілігін арттыру курстарынан өтіп жатыр. Сонымен қатар, оқу бағдарламаларына жаңа технологияларды, ғылыми инновацияларды, математикалық модельдеуді, бағдарламалауды және робототехниканы енгізуге бағытталған жұмыстар жүргізілуде.
Жолдаудың мақсаты айқын. Ал, бәрімізге жүктеген міндеті ауыр екенін педагогтар қауымы жақсы түсінеді. Ұлт болашағы үшін аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздарға бұл Жолдау үлкен серпіліс берді.
Бағдат СӘРИЕВ,
№47 М.В.Ломоносов атындағы мектеп-лицейінің мұғалімі.