Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлт саулығы басты назарда

Ұлт саулығы басты назарда

Қазақстан халқының бай-қуатты өмір сүруі үшін және әлем алдындағы абыройын айғақтай түсуі үшін мемлекеттік бағдарламалар мен түрлі ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді. Қазақстандықтарды елдік пен бірлікке, даму мен өрлеуге бастар бас­ты құжат – Елбасының Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауы­ болып табылады.
Елбасы Жолдауларында денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөліп, көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыру жолдарын айқындап отырады. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында да денсаулық сақтау саласына ден қойылған. 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының мақсаты – еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін халықтың денсаулығын нығайту болса, негізгі міндетіне аурулардың профилактикасын және басқаруды жетілдіру, саланың инфрақұрылымын дамыту болып табылады.
Жолдауда келер жылдан бастап барлық емхана мен аурухана медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиістігі назарға алынған. Елбасы бұл 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасауға, кезектерді, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін баса айтты. Қазіргі таңда аудандағы емдеу мекемелері медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуді бекітілген жоспар бойынша бастап кетті.
Қорыта айтқанда, Елбасы Жолдауы – денсаулық сақтау саласын әрі қарай жетілдіріп, дамытуға ықпал ететін мүмкіндіктердің бірі.

Жақсылық АБДУСАМЕТОВ,
амбулаторлық-емханалық қызметі бар Шиелі аудандық орталық аурухананың
бас дәрігері.
20 қазан 2018 ж. 1 062 0