Синоптиктер болжамы: Биыл қыста ауа райы қандай болады?
«Қазгидромет» синоптиктері қыс мезгіліне арналған консультациялық маусымдық болжамын жариялады. Еліміздің солтүстік-батысының, солтүстігінің, солтүстік-шығысының жекелеген аудандарында және Орталық Қазақстанда жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан көп болуы мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz.Синоптиктер болжамынша,Қазақстанда 2026-2027 жылдардағы қыс салыстырмалы түрде жылы әрі жауын-шашын мөлшері орташа деңгейде болады. Кей жерлерде боран соғып, жел екпіні күшейеді. Сондай-ақ көктайғақ пен тұман болуы ықтимал. Температураның құбылуына байланысты қар жамылғысының бетінде мұз қабаты пайда болуы мүмкін.
Желтоқсан айы
Желтоқсан айында еліміздің барлық аумағында ауаның орташа температурасы климаттық нормадан 2°С жоғары болады деп күтіліп отыр. Республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері норма шамасында болады.
Ал нормадан көп жауын-шашын мына өңірлерде күтіледі:
- Солтүстік Қазақстан облысында;
- Павлодар облысының басым бөлігінде;
- Қостанай және Ақмола облыстарының солтүстік жартысында;
- Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының солтүстігінде;
- Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында;
- Солтүстік-батыс және солтүстік-шығыс өңірлердің кейбір аудандарында.
Қызылорда облысының оңтүстігінде жауын-шашын мөлшері нормадан аз болады.
Қаңтар айы
Қаңтарда республиканың басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1-2°С жоғары болады. Ал елдің солтүстік-батыс бөлігінде температура норма шамасында сақталады. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облысында, Атырау, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, сондай-ақ Ақмола облысының солтүстік-батыс жартысында ауа температурасы қалыпты деңгейде болады. Еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері норма шамасында күтіледі.
Нормадан көп жауын-шашын:
- Батыс Қазақстан облысының оңтүстік-батысында;
- Атырау облысының батысында;
- Маңғыстау облысының батысында болжанады.
Ал жауын-шашын мөлшері нормадан аз болатын өңірлер:
- Қызылорда облысының оңтүстік-шығыс бөлігінде;
- Ұлытау облысының қиыр оңтүстік-шығысында;
- Қарағанды және Абай облыстарының қиыр оңтүстігінде;
- Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарының солтүстік жартысында.
Ақпан айы
Қыстың соңғы айында республиканың басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1–3°С жоғары болады деп күтіледі. Ал солтүстік және шығыс өңірлерде температура норма шамасында сақталады. Олардың қатарында Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары, Павлодар облысының басым бөлігі, Абай облысының солтүстік-шығыс жартысы, Қостанай және Ақмола облыстарының солтүстігі бар. Ақпан айында еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормадан көп болады деп болжанып отыр.
Жауын-шашын мөлшері норма шамасында болатын өңірлер:
- Батыс Қазақстан және Атырау облыстары;
- Түркістан облысы;
- Ақтөбе, Маңғыстау, Қостанай және Қызылорда облыстарының басым бөлігі;
- Ұлытау облысы;
- Ақмола облысының қиыр оңтүстік-батысы;
- Қарағанды және Жамбыл облыстарының қиыр батысы.
Ал жауын-шашын мөлшері нормадан аз болатын аймақтар:
- Маңғыстау облысының оңтүстік-шығыс жартысы;
- Ақтөбе облысының оңтүстігі;
- Қызылорда облысының оңтүстік-батысы.
Еске салайық, бұған дейін қараша айында ауа райы қандай болатынын хабарлаған едік.
Сурет авторы Нұрболат НҰРЖАУБАЙ






